Наурыз мейрамы құтты болсын!

21 наурыз, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері,

магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында: «Әз Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз – ата жолын жалғаған жұртпыз.

Мен дәл бір жыл бұрын тың бастама көтердім. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар ұсындым. Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық.

Жаңа Қазақстанның бүгінгі бейнесі Әз Наурызбен толық үндеседі, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қасиетті Отанымыз мүлде жаңа сипатқа ие болды. Мұны дүниежүзінің көптеген елдері мойындап отыр.

Алда атқаратын жұмыс көп. Бірлігімізді бекемдеп, бір ел болып іске кіріссек, алынбайтын асу жоқ. Мен жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болады деп сенемін», – деп атап өтті.

Ежелден келе жатқан игі дәстүрлеріміз жаңа Қазақстан жағдайында жаңа сипат ала бастады.

Бүгінде Президент бастамасымен бекітілген Наурызды мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы аясында бұл мейрамның маңызын арттыруға баса мән беріліп келеді.

Бейбітшілік пен достықты нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, сонымен қатар отбасылық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

Университетіміздегі Наурызды мерекелеуге байланысты іс-шаралар осы тұжырымдамаға сәйкес ұйымдастырылуда.

Он күнді қамтитын мерекеде әрбір атаулы күндердің мән-мағынасы мен мақсатына маңыз беріліп, халықтық сипат алғаны рухымыздың мықтылығын, бірлігіміздің беріктігін көрсетеді.

Бүгінгі күні университетіміз Наурыздан – Наурызға елеулі табыстармен жетті.

Біз алдымызға әлемдік зерттеу университеті деңгейіне көтерілуді мақсат етіп отырмыз.

Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы арнайы қабылдап, ҚазҰУ-дың халықаралық мәртебесін нығайтып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Президент университетті одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, барлық бастамаларымызға қолдау көрсетті.

Келесі жылы университетіміздің құрылғанына 90 жыл толады.

Алдымызда ауқымды жоспарлар көп.

Ұлы мақсаттарымызды береке-бірлігімізбен еңсерейік.

Ғылым, білім жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, жақсылық ала келсін.

Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын. 

Жаңа Қазақстанның іргесін бірге қалап, биік белестерді бірге бағындырайық.

Ынтымақ пен бірлігіміз арта берсін.

Түркі әлеміне ортақ мереке –

Наурыз мейрамы құтты болсын!       

 

Ізгі тілекпен

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ