Тәжірибелі түркітанушы ҚазҰУ-да екі апта семинар өткізеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Николай Егоров «Зерттеу университетінің дамуы аясында түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелері» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Іс-шараға көрнекті ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Көшбасшылық дәрісті университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып,профессор, Түрік лингвистикалық қоғамының корреспондент-мүшесі Николай Егоровтың түркология ғылымына қосқан зор еңбегін атап өтті.
«Көрнекті ғалым Николай Егоровпен 40 жылдан бері таныспыз. Түркология саласын зерттеуде көп еңбек сіңірді. 400-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері», – деді университет ректоры.
Николай Егоров – Чуваш Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық түркітанушылар қауымдастығы төралқасының мүшесі. Чуваш Республикасына сіңірген еңбегі үшін арнайы орденмен марапатталған. ҒалымЧуваш этнос және глоттогенезі, Алтай теориясын сыни тұрғыдан түсіну, болгар-чуваш тілдерінің ежелгі байланыстары туралы көптеген мақалалардың авторы.
Сөз соңында білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті профессоры» атағын табыстады.
Спикер өз кезегінде университет басшылығына ризашылығын білдіріп, «Зерттеу университетінің дамуы аясында түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелері» тақырыбында көшбасшылық дәрісін бастады.
«Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институты түркі халықтарының мәдениеті мен тілін зерттеу, олардың Орталық Азиядағы тарихи елдерімен тығыз қарым-қатынасын анықтау басты жұмысымыз болуы тиіс. Бұл – Түркология және алтайтану институты зерттеуінің негізгі бағыты. Түркология қазіргі таңда кең ауқымға және мазмұнға ие болып, тек лингвистикалық емес, әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің жиынтығы ретінде қабылданады», – деді спикер өз сөзінде.
Николай Егоров алдағы екі апта ішінде жүргізіп жатқан зерттеулері бойынша ҚазҰУ-да дәрістер мен семинарлар өткізіп, қазақстандық ғалымдармен кездеседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі