ЭжБЖМ-де Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

13 сәуір, 2023

11-12 сәуір 2023 ж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Экономика және бизнес жоғары мектебінде ІІ Халықаралық Фараби Форумы аясында «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, э.ғ.д., профессор Қарагусова  Г.Ж., ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев Е.Ш., VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаев Д.Т., AlmaU ректоры, э.ғ.к., PhD Күренкеева Г.Т., Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, э.ғ.к. Темірбекова Ж.А., РУДН университетінің «Маркетинг» кафедрасының меңгерушісі Зобов А.М. сөз сөйледі. Пленарлық мәжілісте отандық ғалымдардан бөлек Финляндия, Индонезия, Өзбекстанның жетекші университеттерінің профессорлары баяндама жасады. Секция мәжілістерінде Жаңа Зеландия, Польша, Түркия, Италия, Украина, Пәкістан  және т.б. елдердің ғалымдары баяндама жасап, пікірталасқа ат салысты.

Конференцияға әлемнің 12 елінен 300-ден аса экономистер, зерттеушілер мен кәсіби мамандар жиналып, экономикалық даму саласындағы соңғы жаңалықтар мен тенденциялар туралы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Талқыланған тақырыптардың бағыттары заманауи экономикадағы өзекті мәселелерді: тұрақты даму контекстіндегі бизнес-технологиялар, қаржы-есеп жүйесінің цифрлық трансформациясы, турбуленттілік жағдайындағы басқарудың жаңа трендтері, экономиканы дамытудың стратегиялық басымдықтарын қамтыды.

Сонымен қатар, жеке сектор мен бизнес-ортаның өкілдері белсене қатысып, практикалық бағыттағы семинарлар мен воркшоптар да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қазақстан Қор Биржасы» АҚ, "Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, «Jusan Invest» АҚ, «Халық Лайф» АҚ, «БАНК ВТБ» АҚ, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, «TAV Қазақстан» ЖШС, QBI Analytics» ЖШС, «Recycle BIRGE» экологиялық қоғамдық қозғалысы, Admixer Central Asia-дағы Google Marketing & Cloud Platforms командасының жетекшісі, «Halyk Finance» компаниясы, «TADS» ЖШС, «Ланчжоу» мейрамханалар желісі жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұйымдастыруымен өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ел экономикасындағы тұрақты дамуға қол жеткізу мәселелерін жан-жақты талқылап, кәсіби мамандар мен стейкхолдерлердің тәжірибесін ортаға салған маңызды іс шара болды.