"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

21 ақпан, 2012

18 Ақпан 2012, 12:36

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті рухани байытатын жобаны қолға алды

АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Рухы биік ел құлдырамайды. Ал, ел ертеңі - жастарға биік рухты қалай бере аламыз.

Бұл сұрақтардың жауабы үдесінен шығу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастарға, қоғамға ой салатын жоба жасады. Бұл ұсыныс «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталады. Кеше Алматыдағы аталмыш оқу ордасында оқу орнының студенттері мен оқытушылары бас қосып бұл жобаны талқыға салды.

Жиында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов: «Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру негізгі міндетіміз. Бұл рухани, үлкен жоба. Адам өмір бойы оқуы керек. Біздің мақсат - ҚазҰУ-ге оқуға келген жас студенттік төрт жылда жүз кітапты оқып шығуы азаматтық борыш екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындары студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кітап оқуды сәнге айналдыру қажет. Бұл «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс жүз кітап» жобасы осындай мақсатта қолға алынып отыр. Әр университет өз түлегімен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған кадрларымыз рухани дүниемен сусындап шықса, мықты маман болары сөзсіз. Рухы мықты болса, әр адамның мәдениеті де жоғары болады. Адамның рухани байлығына қарап қоғам да байиды. Біз бұл жоба арқылы болашаққа ықпал ете аламыз», - деп атап өтті. Оның айтуынша, 100 кітап бұл алғашқы бастама. Алдағы уақытта бұл кітаптардың тізімі үздіксіз жалғасып, толыға бермек.

Басқосуда профессор Өмірхан Әбдіманов: «Бұл бастама қажет нәрсе. Әдебиет құнарымен нәр алмаған бала, бесіксіз өскен бала сияқты. Абай, Ахмет, Мағжандардың кесек-кесек дүниелерін оқуға жастарды тарту оң нәтиже береді», - десе, профессор Кәкен Хамзин: «Эстетиканың барлығы - көркем әдебиетте. Барлық ғылым, барлық пән сабақтас. Студент оқуға тиіс 100 кітап идеясы көкейге қонымды. Бұл гуманитарлық саладағы жобалардың басы деп есептеймін. Халықты, ұлтты өсіру үшін мұндай жобаларды күн тәртібінен түсірмеу керек»,-деген ойын білдірді.

Жазушы Құл Керім Елеместің пікірінше, көркем әдебиетті оқуға студенттері міндеттеу керек. «Әдебиетке келген кез келген маман алға жылжитынын қоғам дәлелдеп отыр», - деді, ал профессор Анар Салқынбай: «Кітап оқуды студенттердің рухани қажеттілігіне айналдыру керек. Бүгінде дәріс оқып жүрген студенттерден байқайтыным, олар өте жалынды, білуге ұмтылысы зор жастар. Ал, бүгінгі жоба арқылы қара шаңырақ қоғамға үлкен рухани үндеу тастап отыр», - деп атап өтті.

Талқы соңында профессор, ғалым филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы жоба аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарға үндеу жариялады. Үндеуде: «...Университеттің осынау бастамасын Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студент жастар үлкен ықыласпен қабылдап, жан-жақсы қолдау көрсететініне сенім артамыз. Рухани діңгегі мықты, ел тәуелсіздігінің іргетасы оның ұлттық идеологиясы болып саналатын мемлекеттердің болашағы әрдайым жарқын және сенімді болатындығы белгілі. Сондықтан да руханиятымыздың қазіргі жаһанжану үдерісінде жұтылып кетпеуі үшін, ең бастысы қазақ елінің ертеңгі болашағы жарқын, тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы үшін біз бүгіннен бастап студент жастарымызға қазақ әдебиетінің үш мың жылдық тарихында дүниеге келген қадау-қадау көркем шығармаларымызды және әлем әдебиетін міндетті түрде қолға алуды қажет деп санаймыз», - делінген.

Қара шаңырақ бастама танытып отырған бұл жоба оқу орнының барлық факультеттерінде талқыланып, оқуға тиіс жүз көркем туынды тізімі ғылыми кеңесте бекітілген.

Автор: Назира Елеухан