Академик Мұрат Ғылманов атындағы оқу-зертханасы ашылды

27 сәуір, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінде ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымының докторы, профессор Мұрат Құрмашұлы Ғылманов атында оқу-зертхана ашылды.



Салтанатты ашылуда сөз алған қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мұрат Әуезов: «Бүгін Мұрат Құрмашұлы атындағы зертхана өз өмірін бастайды. Мұрат Ғылмановпен мен жатақхананың бір бөлмесінде бірге тұрып, ұзақ жылдар дос болдық. Ол өте еңбекқор, өз саласының білгірі, өмірде шешімі қиын сұрақтарға үнемі жауап іздеп, сол терең ойлардың нәтижесін жастарға қалдыра білген тұлға. Өз саласының майталманы өмірдің құпиясын терең түсінетін, айналасына күннің нұрындай сәуле сыйлаған ағартушы әрі бар ғұмырын ғылымға бағыштаған ғұлама ғалым. Осындай ғұламамен өмірімнің бірге тоғысқанына мен өте ризамын», – деді Мұрат Мұхтарұлы.

Өз кезегінде биология және биотехнология факультетінің деканы Заядан Болатхан: «Бүгін біз үшін атаулы оқиға. Себебі көрнекті ғалым атындағы оқу зертханасының ашылуы болашақ жастарымыздың ғылыми-зерттеумен айналысуына берілген мол мүмкіндік», – деді декан.

Мұрат Ғылманов өсімдіктер биохимиясы, биотехнология және нанотехнология саласындағы ірі ғалым. Академик шәкірттерімен бірге жоғары өсімдіктердің азот алмасуының негізгі ферменттерінің құрылымы мен қызметін зерттеу бойынша басым нәтижелерге қол жеткізген. Осылайша олар алғаш рет өсімдіктердің пісетін тұқымдарында азотты ассимиляциялау процесін жүзеге асыратын NADP – спецификалық глутаматдегидрогеназаны тауып, сипаттаған.

Академик М.Ғылманов 30 жылдан астам уақыт бойы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің студенттері мен магистранттарына биохимия, биотехнология, молекулалық биология және гендік инженерия бойынша арнайы курстардан дәріс оқыған. Көрнекті ғалым ҚазҰУ жанындағы генетика, цитология, гистология, клеткалық биология, биохимия бойынша докторлық және кандидаттық диссертация қорғайтын ғылыми кеңестің мүшесі болды.

 

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі