ҚазҰУ-да қоғамды дерадикализациялаудың тың тәсілдері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Деструктивті діни ағымдардың көріністері және дерадикализациялаудың тың тәсілдері» тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Іс-шараға философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Құрманәлиева, Түркияның спикерлері, атап айтқанда: Мехмет Ихсан Оғыз, Мұстафа Айкач, Хилми Демир, Юнус Өзтүрік және «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры Тимур Нүсіпханұлы, белгілі ғалымдар мен білім алушы жастар қатысты.
Шараның мақсаты – қазіргі қоғамдағы деструктивті діни ағымдар түйткілін талқылап, дерадикалдандырудың тың тәсілдерін қарастыру.
Халықаралық семинарды факультет деканы Бекжан Мейірбаев ашты. Декан өз сөзінде: «Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IІ отырысы өткен болатын. Маңызды мәселелерді талқылауға арналған алқалы жиында ҚР Президенті ел бірлігі мен ұлт татулығын нығайтуға арналған жаңа идеялар мен бастамалар қажет екенін баса айтты. Ол үшін саяси жауапкершілік мәдениетін дамыту қажет», – деді.
Семинар жұмысының барысында «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры, теолог Тимур Нүсіпханұлы сөз сөйледі. Өз сөзінде теолог саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуда діни идеологияның қоғам өмірінде түрлі қызмет атқарып отырғанын, жастарды діни экстремизмнің арбауынан сақтау, олардың бойына имандылық дарыту жолдарын атап өтті.
Сондай-ақ басқосуда Мехмет Ихсан Оғыз, Мұстафа Айкач, Хилми Демир, Юнус Өзтүрік баяндама жасап, бірлік пен ынтымақты дамыту бойынша құнды пікірлерімен бөлісті.
Шара барысында Мұхаммед Ихсан Оғыз қоры төрағасының өкілі Мехмет Ихсан Оғыздың авторлығымен жарық көрген «Тағдыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта ирада, ықтияр, қаза, тағдыр мәселелерінің мәні түсіндіріледі. Сонымен қатар жинақта ислам ғалымдарының тағдырға қатысты түрлі көзқарастары, зерттеулері, ой-пікірлері қамтылған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі