Айсұлу Каимбекова – Алматы қаласындағы №15 гимназияның түлегі. Республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Айсұлу Сабыржанқызының таңдауы ҚазҰУ-ға түсіпті. Оның себебін біз Айсұлудан сұрадық.
– ҚазҰУ-ға грантқа түсу – әр түлектің арманы. Көшбасшы университетті неге таңдадың?
– Өзіндік тарихымен ерекшеленетін ҚазҰУ мені үлкен мүмкіндіктерімен қызықтырды. Мұнда оқуға түсуге талпынысымның жүзден бір себебі – академиялық ұтқырлық бағдарламасының қолжетімділігі. Менің таңдап отырған мамандығым үшін бұл өте маңызды. Ірі кітап қоры бар Әл-Фараби кітапханасы жайлы айтпасқа болмас. Заманауи құрал-жабдықтарымен ерекшеленетін кітапханада, менің естуімше, түрлі көрме, жиындар мен басқосулар жиі өткізіліп тұрады. Оқу ордасының осындай артықшылығы менің қызығушылығымның артуына түрткі болды. Бұл университет студенттерінің жан-жақты дамуына мол мүмкіндік жасайтыны да ықпал етті.
– Кино медиа мамандығына деген құлшынысың, қызығушылығың неден бастау алды?
– Менің ойымша, киноиндустрия әдетте мемлекет пен халықтың айнасы болып саналады. Біз фильм көру арқылы өзге мәдениетпен, дәстүрмен танысамыз. Мені осы қызықтырды. Ұлттық нақыштағы, әлемдік деңгейдегі тарихи фильм түсіруге талпынғым келеді. Осылайша отандық кино саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді.
– Хоббиің қандай және ең сүйікті кітабыңды атай аласың ба?
– Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін. Кітап оқу арқылы рухани байып, өзге әлемге енгендей сезімде боламын. Соңғы жылдары детектив пен классика жанрларында жазылған кітаптарды оқығанды ұнатып жүрмін. Ерекше көзге түскен авторлардың бірі – ағылшын жазушысы Агата Кристи. Туындылары бірінен-бірі өткен, ал олардың ішіндегі ең мықтысы – «Роджер Экройдтың өлімі» атты кітабы.