Қазақстан-Үнді-Американдық жобасы
12 наурызда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жоғары оқу орындары жаратылыстану және техникалық пәндер оқытушыларын даярлау және қайта даярлау бойынша Қазақстан-Үнді-Американдық жобасы» атты үшкүндік семинар-тренинг өз жұмысын бастады.
Семинарда сөз алған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Қазақстан-Үнді-Американдық жобасының негізгі мақсаты біліктілікті арттыру, техникалық және жаратылыстану ғылымдарындағы пәндер бойынша жоғары оқу орындары оқытушыларын даярлау және қайта даярлау болып табылады. Халықаралақ жобаның ерекше маңызды мәселелерінің бірі ғылыми-білім беру кеңістігін кеңету. Бірінші рет Қазақстан халықаралық жобаға қатысып, алдыңғы қатарлы университет ретінде, біздің білім ордада өтіп жатқан жобаның маңызы ерекше. Біздің оқытушыларымыздың білімі биік болса, білім нәрінен сусындап жатқан студенттеріміз де сапалы маман иесі болмақ. Сондықтан да бұл жобаның бізге берері мол», - дейді.
Университет бірінші болып компьютерлік және ақпараттық технологиялар облысында, бағдарламалық қамтамасыз ету мен бүкіл инженерлік қызметте заң шығарушы Үндістанның жүзден астам инженерлік білім беру орындары кіретін және АҚШ-тың, Үнді-Америкалық әріптестік IUCEE инженерлік білім берудегі жобасына еніп отыр. Бұл жоба қазақстандық барлық жоғары оқу орындарын болашақта ұзақ мерзімді және бір арнаға біріктіретін болады.
Семинарға әлемдік жетекші сарапшылар да қатысты. Лиссабон Жоғары Технологиялар Институтының президенті (Португалия) Хосе Карлос Квадрадо «Инженерлік білім беру жобалар сараптамасына жүйелік шешім» атты баяндама жасаса, Сингапур Ұлттық Университетінің вице-президенті Сирам Рамакришна, Нью-Хэмпшир Университетінің профессоры (АҚШ)Анджей Русинский, консалтингілік желі президенті, «American Research and Development» ЖШС бас директоры (АҚШ) Рэймонд Барретт, IASTC, ISTEC, Inc орындаушы вице-президент және негізін қалаушы Рамиро Джордан, Нью-Хэмпшир университеті инженерлік және физика ғылымдары факультетінің деканы (АҚШ) Самуэль Мукаса, Бирла ғылыми-технологиялық институтының профессоры (Үндістан) Мандалика Сринивас, Роуэн университетінің профессоры, Америка инженерлік білім беру қоғамы (ASEE) кеңесінің директорлар мүшесі Стефани Фаррелл және т.б қонақтар қатысып, тақырыптық баяндамаларымен бөлісті.
Сонымен қатар, онлайн арқылы АҚШ-тан тікелей байланысқа шыққан Кришна Ведулан және Ханс Хойер де өз ойларын айтты.
Семинар барысында CIDLab зертханасы өнімдері жайлы үйрететін бағдарламалық тренинг, сессиялар, IUCEE мамандарының, GEDC, IFEES, IASTC, ASEE жетекші инженерлік ұйымдардың қатысуымен дискуссиялы кездесу және әлем университеттерінің (Сингапур ұлттық университеті, Нью-Хэмпшир университеті, Бирла ғылыми-технологиялық институты және басқалар) қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, шетелдік ғалымдар ҚазҰУ оқытушылары мен докторант, магистранттарымен кездесіп, арнайы курстар оқиды.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі