Алматы қаласының мәдениет жылына арналған мәдени бастама

17 сәуір, 2012

12 сәуір күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінде ф.ғ.д., проф. Ж.Ж. Молдабековтың бастамасымен, мәдениеттану және философия мамандықтарының 1 курс магистранттарының ұйымдастыруымен Алматы қаласының мәдениет жылына арналған «Алматы – мәдениет пен жастықтың ордасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел қонақтары: «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы және Алматы қалалық мәжілісінің депутаты Қали Сәрсенбай, ҚР мәдениет қайраткері Құдайберген Бекіш, Банк ісі академиясы мәдени орталығының директоры Ержан Смағұлов, Мәдени саясат және өнертану институтының республикалық мәдениет қызметкерлерінің білім жетілдіру курсының меңгерушісі Дариға Оспанова, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева, философия кафедрасының меңгерушісі Жақыпбек Алтай. Дөңгелек үстел факультет деканы, филос.ғ.д.,проф. Ә.Р. Масалимованың құттықтау сөзімен басталды.

Алматы қаласының өткені мен бүгіні, мәдени орталықтар мен жастар мәдениеті, сонымен қатар экологиялық мәдениет туралы баяндамалар мен презентациялар жасалып, қала мәдениетін жақсарту жайлы ұсыныстар айтылды. Баяндамалар бейнесюжеттермен жалғасын тауып, кешегі Алматы мен бүгінгі Алматы бейнесін көрермендер назарына ұсынылды. Түрлі пікірлер ортаға тасталып, шешімін күткен мәселелер талқыланды. Ойды сергітіп, рухани азық ретінде мәдениеттану бөлімінің 1 курс студенті Әсетттің орындауында саз сырнаймен және домбырамен күй тыңдалды.

Философия және саясаттану факультеті