Республикалық жас тілшілер форумы
31 наурыз күні Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республикалық жас тілшілер форумы өтті. Форумға Алматының және еліміздің түкпір-түкпірінінен келген журналист болуға талабы бар 150 оқушы қатысты.
Былтырғы жылы факультеттің ең үздік 10 талапкері ректор тағайындаған 10 грантқа ие болды. ҚазҰУ ректоры, академик Б.Т. Жұмағұловтың айтуынша, жас дарындар қолдауды қажет етеді.
Қазақстанның әр облыстары мен қалаларынан жас тілшілер басқосуына қалай қатысуға болады деп қоңырау шалған ата-аналар мен оқушыларға журналистика факультетінде тек «Қош келдіңіздер!» деді. Нәтижесінде кездесуге Балхаш, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Астана, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау қалаларынан және Алматы облысының бірқатар аудандық мектептерінен оқушылар жиналды.
Жыл басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен республикалық «Ұлан» және «Дружные ребята» балалар басылымдарының ұйымдастыруымен «Журналист болғың келе ме?» деген тақырыпта шығармашылық сайыс басталған-тын. Форумды ұйымдастырушылар осы басқосуда жеңімпаздардың есімін әйгіледі. ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы және тілдерді дамыту жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева газет редакторлары Есей Жеңісұлы мен Әлімжан Ақбаровпен бірге жеңімпаз атанған 30 оқушыға дипломдар мен бағалы сыйлықтарды, ал мектеп ұстаздары мен жас тілшілер ұйымдарының жетекшілеріне ынталандыру марапаттарын табыс етті.
Байқауда «За преданность мечте» номинациясы бойынша Виталий Малов жеңімпаз атанды. «Интернационализм үшін» номинациясында Анастасия Канабейских пен Анастасия Коржованың жұмыстар жүлделі болды. «Үлкен әріптестеріне деген құрмет» номинациясы бойынша Жайна Абылғазова үздік деп танылса, «За продолжение династии» номинациясында - Сергей Мироненко-Нода, «За позитивный настрой» номинациясында - Ұлбосын Парманова, «Журналистің кәсіпке деген философиялық көзқарасы» номинациясында - Нелли Ерғалиева, «Друг детской прессы» номинациясында - Ирина Лукичёва әділқазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанды. Валерия Коршнякова «За любовь к Отчизне» номинациясында алдына жан салмады, ал «За оригинальность» номинациясында Жаннат Степанайтестің еңбегі ескерілді. «Отан сүйгіштігі» үшін Елена Ивлева марапатталса, «Асқақ арманды» ту еткен Ермұрат Қарабаев көптің ішінен озып шықты. «Тарихи білігі үшін» - Абай Айтмағамбетов, «Ой еркіндігі үшін» - Бауыржан Әнуарбек, «Журналистикаға сүйіспеншілігі үшін» - Айгүл Досмағамбетова, «Отан сүйгіштігі үшін» - Ақмарал Берғазденова, «Шынайылығы үшін» Ақбаян Нұрсұлтанова топты жарып шықса, «Өткір ой» танытқан Акбота Исламбекова да жеңімпаздардың қатарынан көрінді.
Бұл күні ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне басқосуға келген оқушылар үшін әсем әуен мен көтеріңкі көңіл-күйге толы студенттік концерт қойылды. Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Толқын Забированың сазды сәлемі мерекелік концерттің ең үздік номеріне айналды.
Қазақстан Журналистика академиясының президенті профессор Сағымбай Қозыбаев болашағын журналистикамен байланыстыруды арман тұтқан форум қатысушыларына ақпараттық кеңістіктің даму кезеңдері туралы баяндап, форумда белсенділік танытқан жас тілшілерді марапаттады. Алматы қаласы № 32 орта мектептің мұғалімі Зухра Бердіғожина өзінің алғысөзінде форум ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Журналистика факультетінің деканы Ғалия Ыбраеваның пікірінше, осындай шаралар талапкерлердің болашақ кәсібін мақсатты түрде таңдауға мүмкіндік береді. Себебі олар кәсібінің бастауы бола алатын қарашаңырақты көрді. Жас тілшілер, сонымен қатар, оқу аудиториялары, кафедралар мен теле-, радиостудияларға экскурсия жасап, журналистика факультетінің тыныс-тіршілігімен танысты .
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі