"Алматы ақшамы" қоғамдық-саяси газет

14 ақпан, 2013

Ауған жастары Мұқағалиды жатқа оқыды

Жуырда аталып өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орайластырылған шаралар әлі де жалғасын табу үстінде. Ақынның жауһар жырлары жауқазын ұрпағымен қауышып, өзі айтқандай «ХХІ ғасырдағы құрдастарының» сырларына айналды.

Биыл да – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты М. Мақатаев шығармашылығына арналған дәстүрлі жыр кеші болып өтті. Бұл байқауға қатысуға Мұқаң сынды өр тұлғалы ақынның өлеңдерін жатқа айтатын 26 жас түлек өтініш білдіріпті. Жыр кеші үш бөлімнен тұрды: ақын өлеңдерін қазақ балалары арасында мәнерлеп оқу, ауғанстандық студенттер арасында жатқа оқу, жас ақындардың ақынға арнаған өлең-жырлары. Өзара өнер көрсету барысында жарыс қызу та тартымды өтті. Байқау қорытындысы бойынша қазақ балалары арасында ақын өлеңдерін жатқа оқудан бірінші орынды Бақытбек Нұрсара, екінші орынды Ільяс Мархаббат, үшінші орынды Нұрмашев Бірлік пен Мұрат Жадыра иеленді. Ауғанстаннан келіп оқитын жастар арасында бірінші орынды Абдулла Батури, екінші орынды Ахмадзай Самиулла мен Мухаммад Юсуф Аязи, үшінші орынды Әжмал Карими мен Якуби Басир Ахмад алды.

Жас ақындар арасында жүлделі орындарды Асыл Ерзат, Ілияс Мархабат, Есенғазы Жанар мен Әуелхан Ершат бірінен соң бірі иемденді.

Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етілді. Мұндай әдеби бас қосулар алдағы уақытта та жалғасын таппақ.

Ілияс Мархабат