ҚазҰУ-да ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есіммен кездесу өтті

15 ақпан, 2013

Бүгін ҚазҰУ-да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан–2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын насихаттау, түсіндіру мақсатымен ҚР Парламент Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім болды.


«Қазақстан – 2050: инновациялық ойлау жүйесі» тақырыбында өткен кездесуде Сенат депутаты алдымен «Қазақстан–2030» Стратегиясының жетістіктеріне тоқталды. «Біріншіден, еліміз мемлекет ретінде қалыптасты. Екіншіден, нарықтық қатынастарға ендік. Оның нәтижесінде бәсекелестік заманы келді. Үшіншіден, халық санасы өзгерді», – деді Ғарифолла Есім. Сонымен қатар халықаралық рейтинг бойынша 51-орынға аяқ тіреген еліміздің ендігі басты межесі 30 елдің санатына ену міндетіне жету үшін ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатеріне төтеп беру керектігі айтылды. Оның ішінде үшінші индустриялық революция, табиғи ресурстардың сарқылуы мәселелері кеңінен талқыланып, сондай-ақ әлеуметтік ойлау мен экологиялық ойлаудың ерекшеліктері, өмір сүрудің табиғи негіздерін қорғау түсініктерін көпшілік қауымға нақты мысалдармен таратып айтты. «Өмірдің өзі бізден ой-санамызды дамытып, құндылықтарымызды арттыруды талап етіп отыр. Бұл ретте әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан орын алуға бастайтын басымдық. Ал университет еліміздің жаңғыруында, оның экономикасын дамыту мен әлеуметтік саласында, технологиялық база құруда зор мүмкіндікке ие», - дейді Ғарифолла Есім.

Сондай-ақ кездесуде Жолдауда айтылған экономикалық прагматизм, кәсіпкерлікті дамыту, заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары талқыланып, қазақстандық демократия, жаңа қазақстандық патриотизм, интеллектуалды ұлт дамуының стратегиялық міндеттері аясындағы қазақстандық ғылымның дамуы және «білім қоғамын», инновациялық ойлау жүйесін қалыптастырудың өзекті мәселелері қозғалды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі