ҚазҰУ ұжымы қалалық сенбіліктен «Алтын тырма» сыйлығын жеңіп алды
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сенбілік өтті. Сенбілікке университеттің барлық ұжымы атсалысты. Жалпы көлемі 5 мыңға жуық адам қатысқан сенбілік барысында әрбір қатысушы белгіленген аумақты тазалап, оқу орнының тазаруына белсене қатысты.
Қаһарлы қыстың алдында айналаны тазартып, жаңа мезгілге дайындықпен, тазалықпен қарсы алуды игі дәстүрге айналдырған ұжым барлық істің шырайы тазалық екендігін дәлелдеді. Сол себепті де барлығы ерекше көңіл-күймен жұмыс істеді. Шараға студенттерін алып барған биология және биотехнология факульетінің аға оқытушысы Мейрамгүл Нармұратова «Бүгінгі жасалып отырған іс-шара өте дұрыс. Бұл сайып келгенде студенттерді тазалыққа, тәртіпке, патриоттық тәрбиеге шақырады. Осындай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұруының өзі өте орынды», - деп ойымын бөлісті.
Дәстүрлі шарада университет болып қала тазалығына қамқорлықпен атсалысып, тиянақты жұмыс жасаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Санжар Боқаев сенбілік аясында «Ең таза ЖОО-2013» байқауының жеңімпазы санап, арнайы «Алтын тырма» сыйлығымен марапаттады.