Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайындағы Жастардың «Руханият» орталығында «Абайтану әлемі» атты танымдық-шығармашылық кеш өтті. Кештің мақсаты: әр қазақ баласының бойына Абай шығармаларының құндылығын дәріптеу.
Аталмыш іс-шара Қазақ Ұлттық Универсиетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың бастамасымен жүзеге асып отырған «100 кітап» жобасы аясында және Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар М.Барманқұлов атындағы «Телезертхана» үйірмесінің мүшелері (жетекшісі Ж.Әбдіжәділқызы).
Кешті журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдіманұлы өнегелі сөзімен, Абайдың керемет өлеңдерімен ашып берді. Кеште әдеби-драмалық композициялармен өріліп, позия мен әдемі әндердің үйлесімі болды. Кеш қонақтары ретінде Сүлеймен Демирел атындағы университеттің студенттері қатысты. Өз өнерлерін көрсетті. Күмбірлеген күй мен қарасөздердің құдіретін сезіндірді.
Кеш көрермендерге үлкен әсер қалдырды. 101-топ студенттері өздерінің жаңа актерлік қырларын танытып «Татьянаның сахарадағы әні» атты көрініс қойды. Көріністе басты Абай рөлін Балымбетов Бөкенбай сомадаса, Әйгерім рөлін – Қарасаева Нұргүл , Кішкене молда – Асыл Ерзат, Мұхаметжан рөлінде – Ахметов Мади, Баймағамбет – Шынар Әбзелбек , Қысатай – Тұрсынбаев Айтбек, Ысқақ – Төлеген Берікбол, Мағауияны сомдаған – Шырынхан Салтанат, Көкбай рөлін – Төлепберген Еламан ойнап, Абай дәуіріне шынайы бойлағандай күй кешіп, студенттер кәсіби актерлерден кем ойнамады. Сонымен қатар, дарынды студенттер Абайдың халыққа берген ең асыл қазынасы – өлеңдерін, қара сөздерін жатқа оқып, арнау өлеңдерін арнады.
Ал Аққайыр Жадыра «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындаса, Рысқұлова Гүлім осы кешті бастан-аяқ тиянақты жүргізіп шықты.
Журналистика факультеті