«Qazaq universiteti» газеті

3 желтоқсан, 2022

20 қарашада қазақстандықтар кезектен тыс өткен президент сайлауына белсене қатысып, жаңа, әділетті Қазақстан үшін өз таңдау­ларын жасады. Сайлауалды кезеңде Алматы қалалық қоғамдық штабын басқарып, әр сала өкілдерімен кездесулер өткізіп, халықтың Қасым-Жомарт Кемелұлына деген оң көзқарасын анық байқадық.

Жақында елімізде өткен конституциялық реформа нәтижесінде Мемлекет басшысының құқықтық мәртебесінің елеулі өзгеруіне байланысты «президент» ұғымы жаңа мағынаға ие болды. Бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі бұрынғыдан айтарлықтай ерекшеленеді, өйткені ол мемлекеттік билікті басып алудан немесе өзге де теріс пайдаланудан сақтайтын бірқатар құқықтық кепілдіктерге ие. Осылайша Қазақстандағы «президент» ұғымы жаңартылған және конституциялық тұрғыдан бекітілген құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл саяси-құқықтық реформа елімізде авторитарлық саяси режим орнатуға кедергі келтіретін елеулі демократиялық сипатымен де ерекшеленеді.

Президент лауазымына қатысты жетіжылдық мерзімге есептелген стратегиялық маңызды ережелер қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларына оң әсерін тигізбек. Бұл ретте қарапайым адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, әлеуметтік әлеуетін көтеру, саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту, қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, ел экономикасын дамыту – өз шешімін талап ететін өзекті, сайлауалды тұғырнаманың іргелі ережелері болып табылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы жеңісіне оның сайлауалды тұғырнамасының мазмұны жағынан ауқымдылығы, мақсаттары мен міндеттерінің айқындығы ықпал етті. Сайлаушылар іс жүзінде тексерілген тұжырымдамалық сипаттағы бағдарламалық құжатта көрсетілген мәселелерге баса назар аударды. Бұл сайлауалды бағдарлама Қазақстан халқының барлық топтарын, азаматтық қоғам институттарын, тұтастай алғанда, мемлекетті қамтыды.

Әділетті мемлекет құрудың алғышарты

 Халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын, Конституция мен заңның үстемдігі салтанат құратын жаңа Қазақстанды әділетті мемлекет ретінде құру Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының басты және негізгі мақсаты болды. Осындай саяси салмағы басым артықшылықтардың нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасы басқа президенттікке кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен салыстырғанда айтарлықтай мазмұнды және нақты істерге бағытталғанын баса айтуымыз керек.

 Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды тұғырнамасының жүйелілігі мен дәйектілігі, түсінікті әрі нақты баяндалуы сайлаушылардың таңдауында үлкен рөл атқарды. Ал егер бұған штабтардың, азаматтық қоғам институттарының, сенім білдірілген адамдардың, жекелеген азаматтардың және еліміздің барлық прогрессивті күштерінің белсенді үгіт-насихат жұмысын қосатын болсақ, онда Қ.К.Тоқаевтың сайлаудағы жеңісі заңды құбылыс болды деп бағамдауға толық негіз бар.

 Сайлауалды кезеңде Алматы қалалық «AMANAT» – «Ақ жол» – «Қазақстан халық партиясы» коалициясының штабын басқара отырып, мен сайлаушылармен – өнеркәсіп, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету және т.б. салалардың еңбек ұжымдарымен кездестім. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының ережелерін түсіндіріп, қабылдауға келген азаматтарды тыңдай отырып, келесідей қорытынды жасадым:

– халықтың (әсіресе қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін) саяси көзқарасы едәуір жетілген;

– халықтың негізгі бөлігі Қ.К.Тоқаевтың қазіргі кездегі бастаған және жүргізіп жатқан реформаларын оң қабылдайды;

– азаматтардың ескі реформалар мен күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда өмір сүргісі келмейді;

– азаматтардың сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен соттар тарапынан заңның бұзылуына қарсылығы күшейген;

– азаматтардың көпшілігі елдің қоғамдық-саяси өміріне тікелей қатысу бағытында белсенді азаматтық ұстанымға ие болған;

– азаматтар әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде қауқарсыз мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға өз ойларын еркін, ашық айтып, сынға алады;

– азаматтардың көпшілігі жаңа Қазақстанды құруға тежеу болатын кедергілерден арылуға және әрбір азаматтың, бүкіл халықтың мүдделері ескерілуі тиіс құқықтық үстемдікке негізделген әділ қоғам құруға тікелей қатысуға ниетті.

Сонымен қатар әр адамның әділеттілік туралы өзіндік түсінігі бар екенін ескере отырып, «әділетті қоғам» ұғымына кеңірек түсінік беру қажет деп санаймын.

Ел аманаты алдындағы жауапкершілік

Конституцияның үстемдігі әрекет ететін және заңдылықтың нақты жүйесі қалыптасқан қоғам – әділетті қоғам саналатыны белгілі. Өйткені барлығы заң тұрғысынан алғанда, заң мен сот алдында іс жүзінде тең болатыны сөзсіз шындық. Ал ұлттық игіліктерді олигополия мен саяси элитаның өкілдері ғана емес, сондай-ақ еліміздің барлық азаматтары да игілігін көріп отырғанын бәріміз жақсы білеміз.

Штаб өкілдері мен сайлаушылар да Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауда сенімді жеңіске жетуіне жеке көшбасшылық, тұлғалық қасиеттері елеулі ықпал еткенін атап өтті. Бұл ретте Мемлекет басшысының жоғары интеллекті, халықаралық аренадағы орасан зор беделі, оның шет мемлекеттердің барлық көшбасшыларымен диалог құра білуі және олигополиядан алшақ болуы оның саяси тұлғасын ерекшелендіріп тұратыны айқын. Сонымен қатар дер кезінде ұтымды шешімдер қабылдауы мен елдегі күрделі істердің ахуалы, қарапайым адамдардың, атап айтқанда, қатардағы жұмысшылардың проблемалары туралы «көңілге қонымсыз» объективті ақпараттардан хабардар болуы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа етене жақын көшбасшы екенін көрсетеді.

16 қарашада Алматы қаласындағы жұртшылықпен кездесуінде қаладағы қордаланып қалған түйінді мәселелерді шешуде менеджерлік қасиетін айқын аңғартты. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл кездесуде де «Мемлекет басшысы лауазымы партиялық, сондай-ақ өзге ешкімнің ықпалына тәуелді болмауға тиіс» екенін тағы да атап өтті.

Ашықтық, саяси прагматизм, жоғары гуманизм, Қазақстанның көпұлтты халқының мүддесіне адал қызмет атқарып, тиісті шешімдер қабылдау кезіндегі әділеттілік – бұл жаңа, әділетті Қазақстанның берік ұстанымы. Қасым-Жомарт Тоқаев «сайлауалды тұғырнамасында белгіленген әлеуметтік, экономикалық және саяси бағыттағы барлық міндеттерді іске асыру – ең алдымен бүкіл халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси жауапкершілік» екенін атап өтті. Сондықтан әділ мемлекет қалыптастырып, жаңа Қазақстан құру – барша қазақстандықтардың алдында тұрған аса зор жауапкершілік әрі тарихи міндет.

26 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті ретінде салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Халықтың қолдауына ие болған Мемлекет басшысы салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде өзіне зор сенім артқан барша қазақстандықтарға алғыс айтты. «Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер-аза­мат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент алдағы қызметінің бірқатар негізгі бағыттарын атап өтіп, барша қазақстандықтарды жаңа, әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауында басым дауыспен жеңіске жетуі оның Мемлекет басшысы ретінде атқарған үшжылдық жемісті қызметінің нәтижесі. Бұл кемел келешегін жаңа Қазақстанның сәулетшісі, әділ мемлекеттің құрушысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен байланыстырған халықтың саналы таңдауы екені сөзсіз.

Сайлауда қазақстандықтар еліміздің болашағы мен тұрақтылығы үшін, бірлігіміздің нығаюы мен ел экономикасының өркендеп, дамуы үшін дауыс берді. Сайлау нәтижесі қазақстандықтардың еліміздегі өзгерістерді жоғары бағалайтынын, Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артатынын дәлелдеді. Бұл – өз болашағына сеніммен қарайтын елдің жеңісі.

«Qazaq universiteti» газеті,

3 желтоқсан 2022 жыл

Басқа жаңалықтар