ҚАЗҰУ СТУДЕНТТЕРІ ЫСТЫҚКӨЛДЕ ДЕМАЛЫП ҚАЙТТЫ

7 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Ыстықкөл жағалауындағы оқу орнының спорттық-сауықтыру лагерінде демалып қайтты.

Ыстықкөлге сапар университет басшылығы тарапынан жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Оған оқуда да, студенттік өмірде де алғыр әрі әлеуметтік қолдауға мұқтаж жастармен қатар куратор эдвайзерлер де аттанды.

Демалыс кезінде куратор-эдвайзерлер түрлі ойын-сауық ұйымдастырып, арнайы семинар-тренингтер жүргізді. Жастар табиғат аясында ән шырқап, би кештерін, тәрбиелік және танымдық кездесулер өткізді. Сонымен қатар экологиялық тазалықты насихаттау мақсатында сенбілікке қатысты.

«Студенттердің шығармашылық потенциалын дамытудағы куратор-эдвайзерлердің рөлі» атты семинар-тренинг куратор-эдвайзерлер жұмысының өзекті мәселелерін арқау етіп, маңызын ашты. Сондай-ақ студенттер Ыстықкөл маңындағы қырғыз елінің мұражайы және өзге де мәдени орындарын аралап, тарихымен танысты.

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы демалыс жастарды қуаттандырып қана қоймай, жаңа белестерге шабыттандырып, тамаша көңіл-күй сыйлады.