Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант-докторанттары!
Сіздерді Абай күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Хакім Абай – ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор. «Адал азамат» ұғымы ұлы ақынның «толық адам» тұжырымынан бастау алады. Біз Абай мұрасын насихаттауды жалғастыра береміз», – деп атап өтті. Ғұлама ғалым, ойшыл ақын, ағартушы ұстаз Абай Құнанбайұлы – ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай ғылыми-зерттеу институты табысты жұмыс істеп келеді. Институт мамандары Абай мұрасын жан-жақты зерделеуде игі істер атқаруда. Іргелі зерттеулер мене тиянақты жұмыстардың нәтижесінде «Абайдың кісілік кодексі» жасалып, «Қазақ университеті» баспа үйінен «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» жинағының 50 томдығы, «Абайтану антологиясы. Он томдық», «Абайтану антологиясы. Интеллектуалдық Е-ресурстар базасы» және т.б. жинақтар мен кітаптар басылып шықты.
Бүгін университетімізде «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» атты ІV халықаралық ғылыми конференция өтуде. Тағылымды шараның мақсаты – қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімін заманауи ғылыми көзқарас тұрғысынан қарастыру.
Конференция аясында Абайдың шығармашылық тұлғасы және тағылымы; шығармашылық мұрасының ерекшелігі; Абай ілімінің негізгі ұстанымдарын саралау және Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімінің қазіргі руханияттағы орны мен маңызы туралы мәселелер кеңінен талқыланады. Абай танымы қашанда халқымыздың рухани дамуындағы темірқазығы мен ұлттық бағдары болып қала бермек.
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ