ҚАЙРАТКЕР ТҰЛҒА, ЗЕРДЕЛІ ҒАЛЫМ

18 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Түркістан" газетінде жарық көрген  мақаласы

 

Еліміздің білім, ғылым саласында, саяси өмірінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, қайраткер тұлға Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың алатын орны ерекше.

Өмірден түйген тәжірибесі мен білімін, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына, отандық ғылымның дамуына арнаған зиялы азаматтың қоғам игілігі жолында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз.

Қапалдағы қарапайым ауыл мектебін бітірген Бақытжан Тұрсынұлы табанды ізденіс пен еңбекқорлығының арқасында уақыт өткен сайын шыңдалып, ғылым жолында межелі белестерді бағындырды.

Хакім Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген өсиет сөзін  өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдады. Осылайша қатардағы мұғалімнен университет студенті, жастар лидері, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері атанды. Ұлт қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ой-толғамымен айтқанда, «жаман жерді баспай», ірі мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді.

Бақытжан Жұмағұлов ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Халықаралық инженерлік академия және ҚР Ұлттық инженерлік академияның академигі. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бақытжан Тұрсынұлы өзінің табысты жетістіктеріне бойындағы ізгі қасиеттері  мен білім және еңбекке деген ұмтылысы арқылы, ұстаздарының өнегесі арқылы жеткені сөзсіз.

Мектеп бітірген соң, әскери борышын өтеп келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінде бір жыл оқып, жаңадан ашылған қолданбалы математика факультетіне оқуға түсті. Университетте үлкен мектептен өтіп, жаңадан құрылған студенттік құрылыс отрядтарының жұмысына белсене араласып, жетекшілік жасады. Сөзі ісіне сай жас студент қазақтың бағына біткен мемлекеттік университеттің ректоры, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің назарына ілікті. Осылайша ұстаз бен шәкірт арасындағы ұзақ жылға жалғасқан достық орнықты.

Университетте комсомол комитетінің жетекшісі болып, ұйымда белсенді жұмыс атқарды. Әйгілі «КазГУ»-дің даңқын білімді, талантты жастар арқылы халықаралық деңгейде танытуға талпыныс жасап, бірқатар игі жұмыстарды іске асырды. Өкінішке қарай, 1986 жылдағы жаралы Желтоқсан оқиғасы сол кездегі қоғамды дүр сілкіндіріп, әсіресе жастардың үмітіне көлеңке түсірді. Коммунистік жүйе жастардың демократиялық жолға бағытталған қарсылығын жаншып, таптап, тас-талқан етті. Оларға «нашақорлар», «басбұзарлар» деген жала жабылды. Жаппай студенттерді оқудан шығарып, қылмысқа тарту жолы басталды. Бұл кезде Бақытжан Тұрсынұлы университет партия комитетінің хатшысы болатын.

Желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып, сырттан келген  Колбин студенттерді жаппай қудалау саясатын ұстанды. Әр жоғары оқу орнынан кем дегенде 100 студентті оқудан шығару міндеті қойылды. Қазақ мемлекеттік университетінен де 100 студентті оқудан шығару талап етілді. Осы сәтте Бақытжан Жұмағұловтың ұлтжандылық қасиеті анық көрінді. Ол кезде партия комитетінің шешімінсіз ректор студентті оқудан шығара алмайтын.

Осы кезеңде Бақытжан Жұмағұлов замандастарын қорғап, өзінің кесімді сөзін айтты. Мәселенің мәнін білмей, ешкімді оқудан шығаруға болмайтынын алға тартып, үлкен саяси күшпен бетпе-бет келді. Ол ұлттық ұстанымы мен азаматтық көзқарасынан айнымады. Бірақ коммунистік жүйе шындық үшін күрескен жас Бақытжан Жұмағұловты ақыры жұмыстан шығарып, ешқандай қызметке алмау туралы нұсқау бергенін кейін білдік.

Жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Осындай сын сағаты кезінде Бақытжан Тұрсынұлының курстас досы, бүгінде ірі мемлекет және қоғам қайраткеріне айналған Жақсыбек Құлекеев өз кафедрасына – Алматы халық шаруашылығы институтына қызметке шақырады. Алайда партиялық аппарат жас қайраткерді қудалауын қойған жоқ. Бұл жерден де кетуге мәжбүр болып, біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Кейін қазақтың атақты математигі, Новосібір ғылыми мектебінің ірі өкілі Шалтай Смағұлов өз кафедрасына қатардағы инженер қызметіне қабылдайды. Оған да қысым көрсетіледі. Бірақ Шалтай Смағұлұлы бұл қысымға бой бермей, жас ғалымның тағдырына араша түсті.

Осы жылдарда Бақытжан Тұрсынұлы тұтастай ғылымға бет бұрды. Уақытының барлығын ғылыми тақырыбын жетілдіруге арнады. Он жыл ішінде ғылым кандидаты, ғылым докторы, профессор, ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл оңай келген жетістік емес. Жанашыр ұстаздардың, қолдаушы әріптестердің көмегімен, ең бастысы, талап пен еңбек арқылы ол ғылым жолында елеулі табыстарға жетті.

Академик Бақытжан Жұмағұлов – сұйықтар мен газдар есептеу механикасының математикалық әдістері ғылыми мектебінің жетекшісі, мұнай өндіру және тасымалдау процестерін талдау, болжау және оңтайландырудың автоматтандырылған жүйелерінің негізін қалаушылардың бірі ретінде ғылыми ортада мойындалды.

Іргелі зерттеулерінің нәтижесінде  академик Б.Жұмағұлов  математикалық және компьютерлік модельдеу бойынша ғылыми мектеп қалыптастырды, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да арнайы кафедра ашты. Бақытжан Тұрсынұлының мұнай-газ саласына арнап жасаған автоматтандырылған ақпараттық жүйесі әлемге әйгілі Tigress, Schlumberger компанияларының ақпараттық жүйелерінен тиімділігі мен қолжетімділігі жағынан кем түспейді.

Қазақстанда және шетелдерде жарияланған 430-дан астам ғылыми жұмыстың және 15 іргелі монографияның авторы атанған ғалым мұнай-газ өнеркәсібіндегі математикалық модельдеу мәселелерін зерттеп, осы саладағы технологиялық процестерді басқарудың ақпараттық жүйелерін құрды. Осы ғылыми нәтижелердің барлығы  Бақытжан Жұмағұловтың 2001 жылы жарық көрген «Мұнай өндірудің гидродинамикасы» атты монографиясында жинақталған. Бұл кітап тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де есептеу және жерасты гидродинамикасының мәселелерімен айналысатын мамандар мен ғалымдар үшін анықтамалық кітап болды. Әлемнің мұнай компаниялары ғылыми нәтижелерге және ИСАР ақпараттық жүйесіне қызығушылық танытып, AgipKCO компаниясының қаражаты есебінен «The Fluid dynamics of oil production» Elsevier (Нидерланды) баспасында 2013 жылы ағылшын тілінде қайта басылып шықты.

Ол қолданбалы математиканың ірі өкілі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ұлы ұстазы Өмірбек  Жолдасбековпен бірігіп инженерлік академияны құрды. Бүгінде академия ірі ғылыми орталыққа айналды.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін жаңа бетбұрыс, жаңа заман, жаңа өркениет жолы басталды. Бақытжан Тұрсынұлымен қоғамдық-саяси өмірде көп жылдар Президент әкімшілігінде қатарласа қызмет атқардық. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындайтын, іскер ұйымдастырушы болды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарған жылдары білім ордасын жаңа белеске көтерді. Ол кезде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі ретінде Бақытжан Тұрсынұлымен өте тығыз байланыста болып, нәтижелі жұмыстарына куә болдым.

Жаңашыл ректор ретінде ҚазҰУ қалашығын көркейтуге ерекше еңбек сіңірді. Кезінде академик Өмірбек Жолдасбековпен бірге проректор қызметінде құрылыс саласын басқарған тәжірибесі арқылы өзі ректор болып келген кезеңде университет дамуына жаңа леп әкелді.

Жаһандық үрдіс, еуропалық білім жүйесі орныға бастаған сәтте ректор Б.Жұмағұлов Болон талаптарына сай білім берудің заманауи кезеңдеріне сәйкес, оқу мен білім үдерісін жаңғыртуға басымдық берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін әлемдік білім талаптарына сәйкес, интеграцияға және әлемдік рейтингке өту жөнінде жаңа қадам жасады. «Жаңа менеджмент арқылы мамандар даярлаудың жаңа сапасына қарай» атты даму стратегиясы қабылданды. Ондағы мақсат: бірінші – басқару, екінші – оқыту үдерісі, үшінші – ғылыми жүйенің жаңа бағыттары мен базалық міндеттерін айқындау еді. Бұл миссия жоғары деңгейде жүзеге асырылды.

Алғаш рет Қазақстанда әлемдік стандарттарға сәйкес, білім менеджменті мен сапасының ортақ жүйесі қалыптасты. Кредиттік оқыту технологиясы жаңа талаптарға сай қолданысқа енгізілді.  Декандар, кафедра меңгерушілері жаңа білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше үлес қосты. Факультеттер арасында конкурстар өткізу тәжірибесі орнықты.

Болон жүйесіне сәйкес, тұңғыш рет университетте үш деңгейлі оқу эксперименті жүзеге асырылды. «Бакалавриат – магистратура – PhD докторантурасы» ойдағыдай сынақтан өтті. Бұл жаңашылдық кейін   Қазақстанның бүкіл жоғары оқу орындарына енгізіліп, күні бүгінге дейін жүйелі жүргізіліп келеді.

Оқыту бағдарламаларының академиялық ұтқырлығы мен халықаралық деңгейдегі үйлесімділігіне жол ашылды. Университетті  жоғары зерттеу оқу орнына айналдыру үрдісі басталды. Осылайша ғылыми-инновациялық  қызмет орнықты.

Әлемде қалыптасқан үрдіске орай, университет терең білімі бар талантты, қабілетті студенттерді оқуға шақыру әлеуетін қалыптастырды. Білім мен ғылым талабы жаңа арнаға ұласты. Ол  Қазақстанда тұңғыш рет мектеп оқушылары үшін «Әл-Фараби» кең ауқымды университеттік олимпиадасын өткізді. Игі шара қоғам тарапынан да қолдау тапты. Республиканың барлық аймақтарында оқушылардың шығармашылық әлеуетін танытатын «Әл-Фараби» олимпиадасы республиканың облыс орталықтарында бір мезгілде, бір уақытта өткізілді. Ал оның соңғы шешуші кезеңі университет қабырғасында ұйымдастырылды. Осылайша талантты жеңімпаздарға университетте оқуға гранттар бөлінді.  Бұл студенттердің сапалық деңгейін өсірді.

Қолданбалы математика және математикалық модельдеудің жоғары деңгейлі маманы ретінде профессор Б.Жұмағұлов университетте «Univer» атты электрондық университет жүйесін іске қосты. Ол оқытудың жаңа технологияларын қалыптастыруға және жаңа сапалық деңгейге жетуге, оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге, емтихандар алу кезіндегі кемшіліктерді жоюға мүмкіндік берді. Мұндай жүйе Қазақстанда тұңғыш рет енгізілген болатын. Сондай-ақ 300 орынға арналған Жастар интернет-орталығы құрылды, Wi-fi сымсыз желісі орнықты. Осы жүйемен ҚазҰУ қалашығы және барлық жатақханалар қамтамасыз етілді. Бұл студенттерді оқытудың жаңа заманауи желілік әдістемесі болып табылады. Екінші жағынан, студенттердің ата-аналары интернет арқылы жоғары оқу орнының порталына кіріп,  балаларының академиялық жетістіктерін біліп отыруына жол ашылды.

Жаңашыл тұлға ретінде Б.Жұмағұлов студенттердің өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдірді.  Ол ректор болған кезде химия, физика, механика-математика факультеттерінің жаңа оқу корпустары мен университет кітапханасының жаңа ғимараты салынды, теңдесі жоқ мұражай құрылысы аяқталды. Ұлттық университеттің қалашығы кең көлемде абаттандырылды.

Қорыта айтқанда, Қазақ ұлттық университеті   білім мен ғылымның әлем таныған халықаралық орталығына, халықаралық бәсекелестікке қабілетті кадр даярлаудың жоғары мектебіне айналды.

Ректорлық қызметті абыроймен атқарғаннан кейін Бақытжан Тұрсынұлы 2010 жылы еліміздің Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалды. Осы кезеңде де ол өзінің тәжірибесі мен біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін танытты.

Ғылым мен білім саласына сараптама жасады. Солай, 2011 жылы Қазақстан Республикасындағы «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданды. Оның бастаушысы әрі әзірлеушісі Б.Жұмағұлов болатын. Республика бойынша жаңа жүйе – ғылым, жоғары, кәсіби және мектепке дейінгі білімді үйлестірудің жаңа жаңғырған жолы басталды.

Ғылым саласын басқарудың жаңа типтегі үлгісі қалыптасты. Ғалым, зерттеуші маман мәртебесі, ғылыми зерттеулер басымдықтары мен  ғылыми тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Бұл өзгерістерді үйлестіру Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне жүктелді. Өкілетті орган ретінде Ғылым комитеті әкімшілік және сараптамалық қызметтерді шектеді. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылымды дамытудың  басым бағыттарын бекітті. Осы өзгерістерді дайындап, сараптап ұсынған Білім және ғылым министрі Бақытжан  Жұмағұлов болатын.

Алға қойған мақсатты іске асыру үшін арнайы ғылыми кеңес құрылды. Бұл мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізгеннен кейін салаларды бюджеттік қаржыландыруға, ғылыми жобаларды іріктеуде шешуші рөл атқарды. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың халықаралық жүйесі енгізілді. Оның ұлттық орталығы құрылды. Шетелдік сарапшыларды тарту арқылы ғылыми жұмыстардың сапасы мен тиімділігі артты.

Ғылымды қаржыландырудың  жаңа жүйесі де академик Жұмағұловтың тұсында енгізілді. Базалық – ғылыми ұйымдардың ағымдағы қызметін қамтамасыз етуге бағытталған, гранттық қаржыландыру – заңды және жеке тұлғалардың конкурстық негізде ұсынған ғылыми зерттеулерін қаржыландыруға жіберіледі. Бағдарламалық мақсатты-стратегиялық маңызды мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешілді.

Ғылыми дәрежелер мен атақтардың әлемде қабылданған жаңа жүйесі Қазақстанда толықтай орнықты. PhD доктор, қауымдастырылған профессор, профессор. Бұл ғалымдар мен профессорлық-оқытушылар құрамының академиялық ұтымдылығын дамытуға мүмкіндік берді. Ғылыми жобаларды орындауға ЖОО үлесі 2010 жылы 33 пайыздан 2012 жылы 57 пайызға өсті. Университеттер ғылыми дамудың басты міндеттерін атқара бастады.

Ғылыми зерттеулердің тиімділігі артты. ТМД аумағында алғаш рет ғылыми-техникалық ақпараттың шетелдік қорына ену жұмысы қамтамасыз етілді. Tomson Reuters (АҚШ) компаниясымен ұлттық лицензияға және Springer (Германия), Elsevier (Нидерланды) баспаларымен келісімшарттарға қол қойылды. Сол екі жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың жоғары рейтингтік журналдардағы жарияланымдары бірнеше есе өсті.

Білім сапасын бақылаудың ұлттық деңгейдегі тетігі енгізілді. Педагогтерді даярлап, біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жүзеге асырылды. Мемлекеттік жинақтаушы оқыту жүйесі жұмыс істей бастады. Оқу жетістіктерін сырттай бақылау мүмкіндігі орнықты. Аралық мемлекеттік бақылау енгізілді.

Біртұтас ұлттық және кешенді тестілеу жүйесі жетілдірілді. Электрондық оқыту жүйесі енгізіле бастады.

Жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа тетігі енгізілді. Ұлттық аккредитациялық агенттіктер реестрі жұмыс істей бастады.

Министр қызметінен кейін Бақытжан Тұрсынұлы  Сенат депутаты болып, білім, ғылым саласының дамуына жаңа жол ашатын бірқатар заңдардың қабылдануына үлес қосты. ТМД мемлекеттерінің Парламентаралық ассамблеясының білім және ғылым жөніндегі комиссиясының мүшесі болды. Сондай-ақ Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жанындағы ғылыми-технологиялық кеңестің төрағасы болды. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде  жинақтаған тәжірибесі мен біліктілігін білім ордаларын дамытуға бағыттады.

Бүгінде мерейлі 70 жастың белесіне көтерілген университетіміздің үздік түлегі, көрнекті ғалым, академик Бақытжан Тұрсынұлы отандық ғылымның дамуына әлі де елеулі үлес қоса береді деп сенеміз.

17 тамыз, 2023 жыл

Басқа жаңалықтар