ҚазҰУ мен Хэнань университетінің серіктестігі артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытайдағы Хэнань университетінің өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Кейін Хэнань университеті кеңесінің төрағасы Кэпин Лу бастаған делегация ҚазҰУ басшылығымен кездесу өткізіп, серіктестікті одан әрі дамыту бойынша мәселелерді талқылады.
Жүздесу барысында білім ордасының Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова құрметті қонақтарға ҚазҰУ-дың Қытай жоғары оқу орындарымен серіктестігі күн санап артып келе жатқанын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінде университетте 401 қытайлық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар бізде Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты табысты жұмыс істейді. Қазіргі таңда ҚазҰУ базасында Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жұмыстары бастау алды. Біз көрші мемлекеттегі университеттермен ғылым және білім салалары бойынша серіктестікті арттыруға дайынбыз», – деді проректор.
Өз кезегінде Кэпин Лу мырза Хэнань университеті туралы ақпарат беріп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Хэнань университеті 1912 жылы құрылған болатын. Оқу ордасында 50 мыңнан астам студент білім алады. Сондай-ақ 5000-нан астам оқытушы сабақ береді. ҚазҰУ-ды аралау барысында қос университеттің білім бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары ұқсас екенін байқадық. Мәселен, сіздерде география және табиғатты пайдалану факультеті және Жерді қашықтықтан зондтау орталығы бар екен. Мұндай жұмыстар біздің университетте де бар. Алдағы уақытта осы аталған салалар бойынша бірге жұмыс істеуге болады. Сонымен қатар бірлесіп ҚазҰУ-дағы Конфуций институты мен қытай тілін дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарсақ», – деді Кэпин Лу.
Кездесу барысында тараптар аталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
и