ҚазҰУ-дың Әзірбайжан университеттерімен байланысы артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің халықаралық қатынастар және бағдарламалар жөніндегі проректоры Мурадли Неманмен кездесті.
Жүздесуде ЖОО-лар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті қонаққа ҚазҰУ Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетімен білім және ғылым саласы бойынша жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жалғастыра беретінін айтты. Сондай-ақ өз сөзінде ректор Мурадли Неманға білім ордасының жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Әзірбайжан мемлекеттік экономикалық университетінің проректоры Мурадли Неман Қазақстан Әзірбайжанның маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу екі университет арасындағы байланысты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, фотосуретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі