Ректор Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісімен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кэти Лич бастаған делегация арнайы іс сапармен келді. Делегация құрамын ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қабылдап, екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры қонақтарға университет қызметі, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары мен шетелдік серіктестермен өзара байланыс жайлы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ ректор ҚазҰУ мен Ұлыбританияның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы 10 келісімге қол қойылғанын атап өтіп, білім ордасы Ұлыбританияның жоғары оқу орындарымен серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ұлыбританияның Ланкастер, Лондон бизнес және қаржы мектебі, Орталық Ланкашир (UCLan), Бирмингем, Эдинбург бизнес мектебі, Хериот-Уотт, Тиссайд (Teesside), Оксфорд, Ноттингем сынды жоғары оқу орындарымен ұзақ жылдан бері ынтымақтастықта.
2022 жылы ҚазҰУ-дың білім алушы жастары мен оқытушы-профессорлар құрамы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Ұлыбритания университеттерінде өткен түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысып, тағылымдамадан өткен болатын.
Өз кезегінде елші Кэти Лич Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылым мен білім бойынша қарым-қатынасты одан әрі арттыруға бар күш- жігерін салатынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі