ҚазҰУ кәсіподағы зейнетақы туралы кеңес ұйымдастырды

16 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кәсіподақ белсенділері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдерімен кездесті. Кездесудің мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын БЖЗҚ-ның жаңа өнімдерімен таныстыру және қызметкерлерге зейнетақы заңнамасы бойынша қосымша ақпарат беру.

ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев: «Әр санаттағы қызметкер әртүрлі еңбекақы алады. Әр ұжымда тәжірибелі ғалымдар, жас мамандар, көпбалалы аналар бар. Оларға қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы кеңестер берілуі керек. Әр санаттағы мамандардың зейнетақы жинақтауға қатысты өз сұрақтары бар. Бүгінгі кездесуде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары осы мәселелерді ескеріп, түсінікті әрі пайдалы кеңес беруде», – деп атап өтті.

Әрбір жұмыс істейтін адамды болашақтағы зейнетақы мөлшері, оны жинақтау, пайдалану бойынша түрлі мәселелер толғандырады.

Кездесуде қор менеджерлері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі жайлы және зейнетақы заңнамасындағы өзгерістер  туралы айтып, қатысушыларға көрнекі материалдар таратты.

 Гүлдана Әбуева БЖЗҚ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, оны жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту, міндетті зейнетақы жарналарының түсу көлемі мен жүйелілігін арттыру, зейнетақы жүйесін жаңғырту, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін арттыру мақсатында бірқатар оқыту бағдарламалары мен ақпараттық-түсіндірме материалдарын әзірлегенін айтты.

Қор маманы Лаура Қанафьева қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Кәсіподақ мүшелері «Зейнетақы қорынан ақша алуға бола ма?», «Зейнетақы жинақтарым неден құралады?», «Зейнетақы өтілін есептеу кезінде ЖОО-да оқу есептеле ме?», «Әйел адамдар үшін балалар саны зейнетке шығу уақытына әсер ете ме?», «Зейнетақы жинақтары мұраға қала ма?» т.б. сұрақтарға нақты жауаптар алды.

 

 

Ольга ЛОЖНИКОВА,

 «Парасат» кәсіподағы

төрағасының орынбасары