Студенттер күніне арналған «МУЗЕЙДЕГІ СОЛ БІР КЕШ» мәдени-танымдық іс-шарасы

16 қараша, 2023

Шараның басты мақсаты – студенттерді халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарымен таныстыру, жастардың рухани білімін арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және музейдің жоғары оқу орындарымен байланысын нығайту. Сондай-ақ, аталмыш жоба ата-бабаларымыздан жеткен тарихи мұралар мен құндылықтарды құрметтейтін мамандарды қалыптастыруға, студенттердің музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

«Музейдегі сол бір кеш» мерекелік шарасына ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Академиясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Қазақ Халықаралық қатынастар университетінің, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетінің, Халықаралық білім корпорациясының, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің және Алматы сән және дизайн колледжінің студенттері қатысты.

«Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынына қатысқан жастар тапқырлықтары мен білімдерін паш етсе, көңілді тапқырлар «Музей кубогі» үшін өткізілген КВН сайысында бақ сынады. Шараның белсенді қатысушыларына түрлі бағалы сыйлықтар мен музейдің алтын және антропология залдарына тегін билеттер сыйланды.

«Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойының бас жүлдесін факультетіміздің «Этномуз» командасы иеленді. Факультет студенттері кешке белсене қатысып, музей ұжымы атынан дипломдармен марапатталды.

Барлық музей ұжымына факультет атынан алғысымыз шексіз!