ҚазҰУ-да «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» тарихы сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама: оқиғалары, себептері, салдары мен сабақтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ халқының тарихындағы қаралы кезеңді қамтыған бұл оқиғаға биыл – 300 жыл.
Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйымдастырған шараға белгілі қоғамтанушы ғалымдар, шетелдік және отандық тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция ашылуында тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Досбол Байғонақов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың жолдаған хатын оқып берді.
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама – қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі. Тарихтың осы бір қаралы кезеңі кейінгі ұрпаққа «Елім-ай» әні арқылы жетті. Биыл осы қасіретті оқиғаға – 300 жыл. Бүгінгі конференция барысында тарихшылар мен ғалымдар тарихи оқиғаның себептері мен салдарын жаңа көзқараспен жан-жақты саралап, ғылыми тұжырымдамаларын білдіреді деп сенемін», – делінген хатта.
Сондай-ақ шарада Мәмбет Қойгелдиев, Жанғара Дәдебаев, Қансейіт Әбдезұлы, Берекет Кәрібаев, Аманжол Қалыш және т.б. ғалымдар мен тарихшылар баяндама жасады.
Ғылыми басқосуда мамандар ХVIII ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ тарихының күрделі кезеңдерін зерделеу және қазақ халқының басқыншылыққа қарсы күресін зерттеу мәселелерін талқылады.
Конференция аясында «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Жиын барысында «XVII-XVIII ғғ. Қазақ мемлекетінің ішкі және сыртқы саясаты», «Қазақ-жоңғар қатынастары», «Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің рөлі» тақырыптары да қамтылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі