Швейцария елшісі ҚазҰУ жетістіктерімен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Швейцарияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Салман Балмен кездесті.
Жүздесу барысында тараптар серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады, атап айтқанда білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты оқу ордасының жетістіктерімен таныстырып, алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Швейцарияның үш жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. 2023 жылы білім ордасының алты оқытушысы мен үш докторанты Швейцарияда тағылымдамадан өтіп келді.
Ректор Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде Салман Балға бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда: Швейцария университеттерімен бірге ғылыми жобаларды жүзеге асыру, көшбасшылық дәрістер оқу мақсатында профессорларды ҚазҰУ-ға шақыру және Швейцарияның көшбасшы ЖОО-ларымен байланыс орнату.
Өз кезегінде Швейцарияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Салман Бал ілтипат білдіргені үшін университет басшылығына ризашылығын білдіріп, аталған ұсыныстарды қолдайтынын және алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз байланыста жұмыс істейтінін жеткізді.
Елші Салман Бал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамымен және білім алушы жастарымен кездесу өткізіп, көшбасшылық дәріс оқыды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі