Ерлік шежіресі – ұрпаққа ұлағат

8 мамыр, 2015

ҚазҰУ жыл сайынғы дәстүр бойынша Жеңіс күні қарсаңында соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған салтанатты құттықтау рәсімін өткізді.

Оққа кеудесін тосып, ажалға қарсы қасқайып тұрған, қасық қаны қалғанша жаумен айқасқан батырлардың ерлігін ұмытпау, оны ұрпаққа ұлықтау парыз. Қан майданда жан алысып, жан беріскен ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің елге жасаған қызметі ұрпақ жадынан мәңгі өшпесі анық. Осы орайда ҚазҰУ жыл сайын ардагерлердің ерлік істерін дәріптеп, құрметтеуді назардан тыс қалдырған емес. Жыл өткен сайын қатары сиреп бара жатқан қазыналы қарттарымызға арналған жиынды бірінші проректор Мұхамбетқали Мырзабайұлы Бүркітбаев ашты. Ол: «Бізге бүгінгідей бейбіт күн мен жарқын болашақ сыйлау үшін Ұлы Отан соғысына қатысып, қасірет көрген жандардың бірқатары, міне, ортамызда отыр. Сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Бейбіт заманда алаңсыз өмір сүруіміз үшін, қазақ шаңырағы тіктеліп, бұғанасы бекем болуы үшін қосқан өлшеусіз еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз», – дей келе, ардагерлер мен жиналған қауымды келіп жеткен Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.

Тылда еңбек еткен ерлердің жанкешті еңбегі мен офицер-солдаттардың айбыны қашанда мақтануға тұрарлық іс. Отанын жаудан қорғап, ұрпаққа жеңіс сыйлаған, ашқұрсақ жүріп, қаһарлы күннің ызғары табанынан өтсе де ұрыста алдыңғы шепте тұрған олардың жанқиярлық істеріне не дерсіз?!

Жеңіс күні қарсаңында жайылған дастархан соғыс ардагерлері, тыл жұмыскерлері мен ұстаздар қауымына арналды. Шақырылған қонақтардың ішінде сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толып отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша Жеңіс күні алдында бас қосып отырмыз. Қазір егемен елде өмір сүріп жатқан барлықтарымыз бақыттымыз, бейбіт елде білім алып, өсіп келе жатқан жастар қандай бақытты. Сұрапыл соғыста өткен әр минут, секундттың қиындығы, оның зардабы артта қалды. Алда тек жеңісті күндер көп болғай. Еліміздің болашағы жарқын болсын», – деп ақ тілегін арнады. Ардагер-ұстаз Оспанов Хабибулла Құсайынұлы тылда еңбек еткен жандардың бір кісідей қиыншылықты бастан өткергендігін баса айтып, ол зұлматты күндердің артта қалып, бүгінде мерейлі күнге жеткенімізге шүкірлік етті.

Расында да, ұрпақ мүддесін ойлаған өнегелі жандар ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Өзіндік айтары бар, өмірі ғибратқа толы, тағылымы мол қарттарымыздың қаһармандығы, Отанға деген кіршіксіз таза махаббаты – жастар үлгі аларлық дүние. Осыны терең түсінген ҚазҰУ студенттері аяулы ардагерлерге Жеңіс үшін алғыс айтып концерттік бағдарлама ұсынды. Патриоттық әндерді әуелете шырқап, қарттарты әсем әуен ырғағымен биге шақырды. Сондай-ақ, кеште домбыра шанағынан күй төгіліп, университет оркестрі «Сарыарқа», «Балбырауын» сынды композицияларды нақышына келтіре орындады. Кеш соңына қарай ардагерлер мерекелік кешті ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын білдіріп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Айта кетерлігі, ардагерлеріміздің ерлігін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жыл басынан бері ҚазҰУ-да «Студенттік көктем-2015» көркемөнерпаздар байқауының бір кезеңі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Сонымен қатар диагностикалық орталықта қария-ардагерлерге арнап тегін дәрігер кеңесін алу акциясы ұйымдастырылса, «Әл-Фараби» кітапханасында Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты кездесу кеші өтті.