Заңды білу-заман талабы!

20 наурыз, 2024

Кез-келген қоғамда барлық даулы мәселелер тек қана сот арқылы шешімін табатыны баршамызға белгілі. Осыған орай, азаматтардың құқығын қорғауда сот төрелігінің атқарар міндеті мен оған жүктелер жауапкершілігінің де молая түсетіні айдан анық. Қаралатын істер саны мен судьяға жүктелер жауапкершілік те барған сайын ауырлап келеді. Сол себепті, заң саласын таңдаған кез-келген студент болашақта өзіне қандай жауапкершілік жүктелетінін тұла бойымен сезінуі керек.

Осы мақсатта 18 наурыз 2024 жылы «Құқықтану» мамандығының 3 курс студенттеріне  қалалық сот ғимаратында Алматы қаласы Соттар департаментінің басшысы Е.К.Кужахметов дәріс өткізді. Е.К.Кужахметов барлық инстанциялардағы соттардың жүйесі мен құрылымы, қалалық соттың өкілеттіктері, соттардағы бөлімдер мен олардың міндеттері туралы айтып берді. Заң саласында қызмет атқаратын қызметкерлердің жауапкершілігі туралы да сөз қозғады. Дәріс соңында студенттер Е.К.Кужахметовке көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, толыққанды жауап алды.