ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай, Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасы «Үздік химик-аналитик – 2024» сайысын өткізді.
Аналитикалық химия – химияның ең маңызды салаларының бірі және пәнаралық ғылым сипатына ие. Әлемдік зерттеу бойынша химиктердің төрттен бір бөлігінен астам жұмысы химиялық талдаумен байланысты. «Аналитикалық химия» жалпы курсын химия және химиялық технология факультетінде білім алатын барлық студенттер оқиды. Студенттер химиялық және қазіргі физика-химиялық талдау әдістерінің теориясы, зерттеу нәтижелерін өңдеумен танысады. Білім алушылардың негізгі зертханалық дағдыларын қалыптастыратын практикумның өткізілуіне ерекше назар аударылады.
«Үздік химик-аналитик – 2024» сайысы 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның өзіндік форматы қалыптасқан. Сайыс екі турдан тұрады – теориялық және практикалық. Теориялық тур барысында студенттер сапалық және сандық талдау бойынша есептік тапсырмалар орындайды. Бірінші тур жеңімпаздары зертханалық жұмыс орындауға практикалық турға шақырылады. Екі турдың нәтижесі бойынша конкурс жеңімпазы анықталады. Студенттер арасында сайыста жеңімпаз немесе жүлделі орынға ие болу ерекше мерей. Жүлделі орындарға ие болған студенттерге белгілі ғалымдар атындағы бір реттік стипендия тағайындалады. Жыл сайын атқарылатын сайыстың демеушісі – ҚазҰУ жанындағы Физика-химиялық әдістерді талдау және зерттеу орталығы. Михаил Наурызбаев әрқашан жеңімпаздарды жеке құттықтайды, ал үздік нәтижелер көрсеткен студенттерді ғылыми зертханаларға жұмыс жасауға баулиды.
Биыл «Үздік химик-аналитик – 2024» байқауында 3-курс студенттері Асқар Мұқанов (2-орын), Эльнура Аманова және Азиз Якупджанов (3-орын) жеңімпаз атанды. Байқауға қатысқан белсенді студенттер сертификатпен марапатталды.
Елена ЗЛОБИНА,
Ақмарал ИСМАИЛОВА,
доценттер