Үстел теннисінен ашық турнир өтті

20 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай, Философия кафедра­сының оқытушылары Қ.Нұрғалиев пен Д.Пернебеко­ва­ның ұйымдастыруымен университет факультеттері арасында үстел теннисінен ашық турнир өтті. 

Турнирді философия және сая­саттану факультеті Ақса­қал­дар алқасының төрағасы, кафедра доценті Лесхан Әмір­ханұлы ашып берді. Жарыстың шарты бойынша, команда құрамында бір оқытушы, екі студент қатысуы тиіс болды.

12 команданың 9-ы ҚазҰУ факультеттерінен жасақталып, Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясы, Нұр-Мүбәрак Еги­пет ислам мәдениеті уни­вер­ситеті, Қазақстан – Ресей медицина университеттері са­йысқа түсті.

Барлық командалар тыңғы­лық­ты дайындықпен келіп, өз ойындарын жоғары дәрежеде көрсетті. Осылайша үстел тен­ни­сінен ашық турнир өз мә­ресіне жетті.

Бас төреші Тимур Бейса­лиев­тің шешімімен бірінші және екінші орындар фило­со­фия және саясаттану факуль­те­тіне, ал үшінші орын Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының коман­да­сына бұйырды.

Жарыста бірінші орынға ие болған, Философия кафе­дра­сы меңгерушісінің ғылыми-ин­но­вациялық жұмыс және ха­лық­аралық байланыстар жө­ніндегі орынбасары, оқы­тушы Елдос Өсербаев: «Үстел теннисі – асқан қырағылық пен жылдамдықты қажет ететін спорт түрі. Шетелдерде «Пинг-понг» атымен белгілі бұл спорт­тың иесі аспанасты елі саналады. Дегенмен біздің халықтың да икемі келеді, себебі спортта әдіс пен да­йын­дықтан бөлек, «спорттық мі­нез» қажет. Жеңіске деген ұм­ты­лыс әр қазақтың бойында бар қасиет. Өзім үстел теннисін студент кезден бақылап, айна­лы­сатынмын. Әсіресе ол кезде философия және саясаттану факультетінің студенттер үйін­де нөмірі бірінші спорт еді. Жа­рыс туралы естігенде делебем қозып, топ жармаққа ұмтыл­дым. Әріптесім Жұмагүл Нұр­дәу­летқызының көмегімен мі­незіме сай топ мүшелерімді жа­сақтадым. Командамдағы сту­денттермен «біз бүгін же­ңуі­міз керек» дедім. Бірінші ойын­да Қазақ – Ресей уни­вер­ситетін жеңдік. Екінші ойында факультет тобын да жеңіп шықтық. Финалдық кезеңге та­лас жолында ұлттық кон­сер­ва­ториямен тартысты ойын бо­лып, намысты қолдан бермей, фи­налдық бәсекеге лайық бол­дық», – деп өз әсерімен бөлісті.

Жарыс ұйымдастырушысы, Философия кафедрасының аға оқытушысы Қ.Нұрғалиев: «Ша­ра­ның басты мақсаты – фило­со­фия пәнінен дәріс алатын гуманитарлық, техникалық, жа­ра­тылыстану салаларын­да­ғы студенттерді спортта басын қосып, оларға философия пәнін насихаттау. Сондықтан осы пәнді оқитын әр саладағы студенттер пән оқытушы­ла­ры­мен бірге турнирде жарыспен қоса, философиялық ашық әң­гі­ме құрды. Бұл пәнаралық бай­ланысты, студенттер ара­сындағы қарым-қатынасты, сон­дай-ақ салауатты өмір салтын дамытатын шара», – дейді.

Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек уни­верситет мерейтойы ая­сын­дағы кафедраның тәр­бие­лік мәні бар, ғылыми мазмұны жоғары шаралар алдағы уа­қытта да жалғасын табатынын жет­кізді.

Жадыра ҚАЗИЕВА,

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Философия кафедрасының оқытушылары