Америкалық студенттер ҚазҰУ-ды таңдайды

10 қыркүйек, 2015

АҚШ университеттерінің студенттері зор ықыласпен және асқан қызығушылықпен Қазақстанда білім алуға ұмтылуда. Биыл екінші жыл қатарынан «Флагман» бағдарламасына қатысушы америкалық жастар білім алу үшін жетекші университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдады. АҚШ-тың мемлекеттік білім беру жобасы болып табылатын «Флагман» бағдарламасы сырттан келуші академиялық ұтқырлық ретінде жүзеге асуда. Енді біздің студенттеріміз ғана АҚШ-та оқып қоймай, американдық студенттер де еліміздің білім беру жүйесіне қосылды.

Аталмыш бағдарлама бойынша сынақтан өткен 26 америкалық студентті ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері 3 қыркүйек күні салтанатты түрде қарсы алды. Жас америкалықтардың еуропалық жоғары оқу орындары емес, қазақстандық университетті таңдауы әлемде еліміз бен жоғары білім беру жүйесі танымалдылығының артқанын дәлелдей түседі. Мамандардың біліктілігін үнемі арттыру, алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеру, халықаралық бедел мен білім беру бағдарламаларының аккредиттеуден сәтті өтуі, белсенді академиялық ұтқырлық жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан университеттеріне деген шетелдік студенттердің қызығушылығы артуда.

«Білім берудің негізгі мақсаты – С1 мемлекеттік сертификаты деңгейіне сай келетін орыс тілін меңгеру болып табылады. Сондықтан ҚазҰУ оқытушылары америкалық студенттермен біліктілік, мәдени және мотивациялық әдіс негізінде орыс тілін жүйелі оқытудың жаңа бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ олардың қазақ тілі, әдебиеті мен мәдениетін білуге деген ынтасы зор. Бұл еліміздің әлемдік аренадағы танымалдылығы мен беделін көрсетеді», – дейді орыс филологиясы, орыс және әлем әдебиеті кафедрасының профессоры Людмила Екшембеева.

Бағдарламада топтық дәрістермен қатар, көптеген жеке сабақтар да қамтылған. Оның барысында шетелдік студенттер БАҚ тілі, көркем мәтін тілі, тіл және шешендік өнер, кино тілі сынды салаларды меңгереді. Тілдік дайындықтардан бөлек, студенттер өз мамандықтарына сәйкес пәндерді меңгеріп, өндірістік тәжірибеден де өтеді.

Шетелдік студенттердің сабақтан тыс мәдени бағдарламасы да қызықты әрі тартымды. Атап айтқанда, студенттер мұражай мен театрларға барып, қаланың көрікті орындарын тамашалайды. Спорт үйірмесі мен жарыстарға, шығармашылық байқауларға қатысып, Қазақстанның қазіргі заманғы және ежелгі қалаларына барады, мәдени және тарихи орындарды аралайды.

Білім беру әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Америкалық халықаралық білім беру кеңесі (ACCELS, АҚШ, Вашингтон) арасындағы 2014 жылы тамыз айында жасалған екі жақты келісімнің арқасында жүзеге асуда. Бағдарлама бойынша ҚазҰУ-да білім алған алғашқы топ емтиханда үздік нәтиже көрсетті. Міне, енді шетелдіктерге білім беретін «Флагман» бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Ақ жол, «ФЛАГМАН»!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі