12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні құтты болсын!
Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар!
Сіздерді 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте: «Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті – бұл ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі», – деп атап өтті. Президент «ғылымды дамыту – Қазақстанның аса маңызды басымдығы болып қала беретінін» айтып, жасанды интеллект, цифрлық технологияларға ерекше басымдық берді.
Елімізде білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми бағыттағы барлық қызметі осы тұжырымдама аясында іске асырылады.
Университеттің жоғары ғылыми мәртебеге қол жеткізуінде оқытушы-профессорлар құрамының және ғалымдардың еңбегі оразан зор. Бүгінгі таңда университетте ұйымдармен және кәсіпорындармен шаруашылық шарт шеңберінде 290 – ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру жобасы, 11 – ҚР ҒЖБМ бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы, 48 – Халықаралық жоба және 28 ғылыми-зерттеу жұмыстары іске асырылуда. Олардың ішінде жас ғалымдардың 119 және «Жас Ғалым» жобасы бар.
Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін орындаушылар қамтамасыз етеді, оның ішінде: ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР ХҒА 3 академигі, ҚР ҒА 8; 7 – ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, 603 ғылым докторы, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD.
2023 жылы қазақстандық ғалымдар Scopus дерекқорында индекстелетін 6 918 ғылыми жұмыс жариялады, оның ішіндегі 1 144 жарияланымы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі. Университет ғалымдарының үлесі қазақстандық жарияланымдардың жалпы санының 16,5%-ын құрады.
Биыл алғаш рет Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Отбасы банкі бағдарламасы бойынша 32 жас ғалым баспана алды.
ҚазҰУ ғалымдары алдағы уақытта да еліміздің болашағын құруға белсенді қатыса алатынына сенімдімін. Ғалымдарымыз еліміздің алдында тұрған әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуге жұмылдырылады. Бұл, ең алдымен, білімге негізделген елдің бәсекеге қабілетті экономикасын құруға ықпал ететін болады.
Ғылым жолындағы межелі белестерді бірге бағындыра берейік. Әрбір жаңа күн бірегей идеяларға, жаңа ғылыми жетістіктерге, пайдалы әрі керемет жаңалықтарға толы болсын.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ