ҚазҰУ-да тіл мектебі ашылады

5 қазан, 2015

Ағымдағы жылы 7 қазанда Қазақстанда «Болашақ» халықаралық стипендиясының бірінші тіл мектебінің ресми ашылу салтанаты өтеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және «Болашақ» халықаралық стипендиясының ресми әкімшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның бастамасы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті базасында Қазақстандағы бірінші тіл мектебі құрылды.

Тілдік даярлықтың негізгі серіктесі білім саласындағы жетекші халықаралық ұйым – Британдық Кеңес болып табылады. Мектеп жұмысы «Болашақ» стипендиаттары алғашқы 6 айда тілді Қазақстанда, қалған 6 айда шетелде оқитын «6+6» ағылшын тілін оқудың жаңа форматын ұсынады. Бұл курс академиялық бағдарламаға түскен стипендиаттардың квоталық санаттарын даярлауға есептелген. Тағылымдамашылар тілді тек Қазақстанда ғана оқитын болады.

Айта кету керек, ҚазҰУ бірнеше жылдан бері ағылшын тілінің дамуына үлкен мән беруде. Соның дәлелі ретінде, университеттің барлық факультеттерінде ағылшын тілінде дәріс берілетін топтар ашылған. ҚазҰУ Еуропа, АҚШ сияқты мемлекеттердің үздік жоғары оқу орындарымен келісім-шарт жасасып, соның аясында шетелдік профессорлар әл-Фараби атындағы ұлттық университетте ағылшын тілінде сабақ береді. Оқытудың бұл тәсілі білім саласындағы сұранысы аса жоғары болғандықтан, ҚазҰУ әлемдік деңгейде бәсекеге аса қабілетті екендігінің көрсеткіші деуге лайықты. Университет негізінде құрылып отырған тіл мектебі болашақта әл-Фараби атындағы ұлттық университетте тіл оқыту тәсілдерінің дамуына үлкен септігін тигізеді.

Мектептің ресми ашылу салтанатына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Г. Мутанов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Г.Нығыметов, Британдық кеңестің өңірлік директоры Энди Уильямс қатысады.

2015 жылы «Болашақ» стипендиясы тағайындалған мектептің алғашқы 38 тыңдаушысы оқуды бастап кетті.

Іс-шараның өтетін орны мен күні: Алматы қаласы, 7 қазан, сағ. 11.00, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, биология факультетінің корпусы (Біліктілікті артттыру институты).

Аккредитация:

ҚазҰУ баспасөз қызметі:8(727) 377 31 48/49

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

Тел.: 8 /7172/ 24-93-97 (Динара Архарова),

arharova@bolashak.gov.kz