Болашақ тележүргізушілер байқауы

12 ақпан, 2024

Профессор Барманқұлов атындағы «Телезертхана» үйірмесінің ұйымдастыруымен жетінші рет өткізілген "Сөйле, Қазақстан!" болашақ тележурналистердің дәстүрлі кәсіби-шығармашылық байқауына 65 студент қатысып, 6 номинация бойынша кәсіби бәсекеге түсті. «Телезертхана» оқулық телевизиясының аясындағы 10 студенттік салалық телеарна өз бағыты бойынша реалитишоу жасап, деректі фильм түсіріп, телесұхбат әзірлеп, шығармашылық қабілеттерін шыңдады.. Әділқазылар алқасының құрамындағы факультет түлектері жазушы-журналист Мағира Қожахметова, “Көреміз” бағдарламасының танымал тележүргізуші Руслан Өтепбай, “ Алматы” телеарнасының журналисі Мадина Оқас болашақ әріптестерінің шығармашылық еңбектерін әділ бағалап, ақыл-кеңестерін айтып, ізгі тілектестік білдірді. Үздік деп танылған «Ғаламшар» экологиялық арнасы бас алды. Бірінші орынды «Білім» арнасы, екінші орынды «Күндерек» арнасы, ал үшінші орында «Спорт кz» арнасы иеленді.

Авторы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Әбдіжәділқызы Жидегүл