«Фараби форумы» халықаралық конференциясына қатысқан Әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетіндегі профессор Барманқұлов атындағы «ТЕЛЕЗЕРТХАНА» үйірмесінің студенттері заманауи отандық БАҚ үшін маңызды тақырыптарды зерттеп, ғылыми жүмыс жазумен қатар кәсіби мамандардан сұхбат алып, арнайы әзірленген бейнематериалдарды да көрсете білді. Бишер Дильназдың ғылыми жұмысы спорттық журналистикадағы аккредитация мәселесіне арналды. Ал Сатыбалды Асылзат"Деректі фильм-журналистік туынды" деген тақырыпта баяндама жасап, деректі фильм түсіру арқылы халқымыздың терең тарихын, талантты тұлғаларын, бейбіт заманның қаһармандарын әлем аренасына шығаруды мақсат тұтатынын тілге тиек етті. Бауыржанқызы Альмира «Телерепортер шеберлігі» тақырыбында отандық телеарналардағы репортаждарға талдау жасап, өзінің кәсіби бағыттағы тырнақалды туындыларынан мысал келтіріп, өзекті ойларын ортаға салды. «Әл Фарабидің медициналық тұжырымдары және медициналық журналистика» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізген Нұрадин Ұлдана медициналық ақпараттың қалың бұқара үшін қаншалықты маңызды екенін дәйектеп берді. Осылайша Фараби форумы студенттердің кәсіби қабілеттерін шыңдап, ғылым көкжиегіне жолдарын ашты.
Әбдіжәділқызы Жидегүл
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті