ҚазҰУ-да білімді жастар байқауы өтуде

29 сәуір, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Педагогика және психология», «Дінтану» және  «Мәдениеттану» білім беру бағдарламалары бойынша республикалық студенттік пәндік олимпиада өтуде.

Білімділер байқауына белгілі ғалымдар, университетіміздің оқытушы-профессорлары,  еліміздің әр өңірінен келген студенттер командалары қатысуда.

Олимпиаданың ашылу салтанатында философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев құттықтау сөз сөйлеп, студент жастарға сәттілік тілеп, интеллектуалдық байқаудың білім деңгейі мен сапасын көтерудегі маңыздылығын атап өтті.

«Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша комиссия төрайымы, Алматы қаласы білім басқармасының №10 жалпы білім беретін мектеп директоры Ш.Удуримова, «Дінтану» бағыты бойынша Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті теология факультетінің деканы, профессор Д.Кенжетаев,   «Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, философия ғылымының докторы А.Құлсариева сынды ғалымдар студенттерге ақжолтай тілектерін білдірді.

Республикалық студенттік пәндік олимпиадаға «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша 15 командалық топ өтінім берген. «Дінтану» білім беру бағдарламасы бойынша бес командалық топ және «Мәдениеттану»  білім беру бағдарламасы бойынша төрт командалық топ сайысқа түсуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі