Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қалашықтағы жатақханаларды аралап, қызметін тексерді.
Оқу ордасының басшысы жатақхана меңгерушілерімен, қауіпсіздік қызметкерлерімен және білім алушы жастармен тілдесіп, көкейкесті мәселелерін тыңдады.
Сондай-ақ студенттер үйіндегі асханалар мен оқу залдарын, жатын және жуынатын бөлмелердің тазалығын тексеріп, жиһаздардың орналасуы мен санитарлық нормалардың сақталуына және студенттерге көрсетілетін қызмет сапасына назар аударды.
Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға жатақханада студенттерге өз үйіндегідей қолайлы жағдай жасалуы қажет екенін ескертті. Сондай-ақ студенттер үйіндегі душ бөлмелерінің үздіксіз жұмыс істеп тұруын және санитарлық сағат кестесін ретке келтіруді тапсырды.
Оқу залдары студенттердің емін-еркін сабаққа дайындалуы үшін әрдайым ашық тұруын нақтылады.
Ректор әлеуметтік даму жөніндегі проректор мен Әлеуметтік даму және жастармен жұмыс департаментіне қысқа уақыт ішінде барлық олқылықтар мен кемшіліктерді қалыпқа келтіруді қатаң ескертті.
Сондай-ақ Өндірістік қамтамасыз ету департаментіне студенттер үйіндегі бөлмелерде, фойелерде орналасқан жиһаздарды жаңартуды тапсырды.
Санитарлық ережелердің сақталуы және аталған тапсырмалардың орындалуы ректордың жеке бақылауына алынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі