Ардагер ғалымдармен кездесу өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық тарихының рухани мұрасын Алматы электромеханика колледжінің студенттеріне таныстыру мақсатында ардагер ғалымдармен кездесу ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шараға Бостандық ауданының ардагерлері, университет ғалымдары, Ардагерлер кеңесі, Алматы электромеханика колледжінің басшылығы, оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесуге келгендер қатарында Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Құрманғалиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Шеденов, журналист, ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Л.Ахметова, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, доцент Ж.Байкөншеков, тарих ғылымының докторы Б.Санабайұлы, Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы, ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Б.Әбеновтер бар.
Кездесу барысында Алматы электромеханикалық колледжінің директоры Б.Дәулетұлы ғалымдар мен ардагерлерге колледжді аралатып, жаңа жұмыстарымен, соны жаңалықтарымен таныстырып өтті. Іс-шараның кіріспе сөзін Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Ә.Беспаева бастады. Оның айтуынша, Бостандық ауданында қарт және зейнет жасындағы азаматтардың саны 42 500-ден асады.
– Ауданда 11 жоғары оқу орны бар. Білім ордаларында ардагерлер ұйымдары қарқынды жұмыс істеуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастауыш ардагерлер кеңесі осындай игі шараларда көш бастап келеді, – деді ардагерлер кеңесінің төрайымы.
Бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор, экономика ғылымының докторы Ө.Шеденов те ҚазҰУ мен Алматы электромеханика колледжі бірлесіп жұмыс атқару керектігін, тәжірибе алмасу жастардың білікті маман болуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кеш Ф.Ещанованың орындауындағы «Гауһартас», «Жаңбыр төкті» әндерімен жалғасын тауып, электромеханика колледжінің студенттері тарихи қойылым қойды. Кеш соңында қонақтар мен студенттер естелік суретке түсті.
Нұрбек НҰРЖАН