ҚазҰУ Сингапурдағы көрмеге қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Сингапурдағы қазақстандық жоғары білім беру және «Болашақ» бағдарламасына арналған көрмеге қатысты.
Қазақстан-Сингапур ректорларының «Ғылым мен жоғары білім саласындағы әріптестіктің жаңа шыңы» атты форумы аясында ұйымдастырылған көрмеге еліміздің жетекші университеттері жиналды. Атап айтқанда: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.
Мақсат – қатысушыларға Қазақстан жоғары оқу орындары туралы ақпарат беру, «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін түсіндіру, Қазақстан мен Сингапур ЖОО-лары арасындағы байланысты күшейту, бірлесіп ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жол ашу.
ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев келушілерге оқу ордасының ғылыми әлеуетін таныстырып, ғалымдардың ғылыми жобалары туралы ақпарат берді. Ректор өз сөзінде ортақ жобаларды жүзеге асыруда Сингапур университеттері мен ҚазҰУ-дың бірлесіп жұмыс атқаруын ұсынды.
Сондай-ақ көрме барысында ЖОО ректоры Сингапурда оқып жатқан студенттермен әңгімелесті. Жансейіт Қансейітұлы жастарды шетелдегі оқулары аяқталғаннан кейін Қазақстанға оралып, елді өркендету үшін қызмет етуге шақырды. Оқуды жалғастырғысы келетіндер үшін ҚазҰУ есігі әрқашан ашық екенін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі