Экономика және бизнес жоғары мектебінің 1958 жылғы түлек шәкіртақысы

26 мамыр, 2024

2024 ж. 20 мамыр күні ҚазҰУ түлектері күніне орай Экономика және бизнес жоғары мектебінің 1958 жылғы түлегі, э.ғ.д., профессор, кафедра меңгерушісі қызметін атқарған, ғалым, ұстаз, бүгінде құрметті зейнеткер Сұлтан Нысанбайұлы келді. Мақсаты – келісім шарт негізінде ақылы білім алатын тәрбиелі, жақсы оқитын  студенттерге бір реттік шәкіртақы (1 млн. теңге) беру ниетімен келгенін айтты. Бұл ұсынысын ЭжБЖМ деканы Л.А.Бимендиева  ризалықпен қабыл алып, Сұлтан Нысанбайұлын ҚазҰУдың 90-жылдық алдағы мерекесімен құттықтап, факультетке сіңірген еңбегін бағалап,  қайырымды өнегелі ісіне ұжым атынан  алғыс айтты, амандық, саулық тіледі.

Сөйтіп атаулы шәкіртақыны зейнеткер, ұлағатты ұстаз Сұлтан Нысанбайұлы өз қолымен үміткер екі студентіміз Данежанова Анель (менеджмент мамандығы, 3 курс, орыс бөлімі) мен  Жұлдызханқызы Еркежанға  (Экономика мамандығы, 2 курс, қазақ бөлімі) құттықтап табыстады. Студенттер Сұлтан Нысанбайұлына шексіз алғысын айтып, үмітін ақтайтындарын жеткізді.