Жеңіс мерейтойына жаңа жоба басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ләйла Ахметованың бастамасымен «Жеңіс мерейтойына орай, біздің Отанға арнаған сыйлығымыз» атты халықаралық мегажобасы басталды.
Жоба Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің түп тарихын зерттеп, ерлік мұраттарды насихаттау, майдангер ерлерді ұрпақ есінде жаңғырту арқылы ұлтты біріктіруге бағытталған. Негізгі мақсат – қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесін дәріптеу, ұйымдар мен азаматтардың күш-жігері мен бастамаларын біріктіру, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу.
Шараның тұсаукесері Халықаралық ақпараттандыру академиясында (ХАА) өтті. Онда Алматы қаласы мен Алматы облысының үкіметтік емес ұйымдар көшбасшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар жиналды.
Шараға Азаматтық альянстың (Алматы қ.) төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов модераторық етті. «Ләйла Сейсембекқызының мегажобасы – қатыгез сұрапыл соғыстардың бірін жеңген ата-бабаларымыз бен әкелеріміздің арқасында өмір сүріп, өркендеп келе жатқан бүгінгі жаңа буын өкілдерінің сол ата-бабаларға деген құрметі», – деді Қайыржан Саясатұлы.
Тарих ғылымының докторы, ҚазҰУ профессоры, ХАА академиясының толық мүшесі, Еуразия және Африка халықтары ассамблеясының тарихи жадыны сақтау жөніндегі комиссиясының төрағасы Ләйла Сейсембекқызы жоба идеясының қалай пайда болғаны туралы айтып берді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 наурызда үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Біздің тарихымыз ұлтты шоғырландыру факторына айналуы тиіс», – деп атап өтті. Содан кейін менің ойыма осы жоба идеясы оралды. Екі айдың ішінде кездесулер, келіссөздер, кеңестер өткізілді, нәтижесінде біз нақты мақсат қойдық. Қазірдің өзінде 20 ұйым бізге қосылды. Мен барлық қатысушыларға алғыс айтамын және әркім өзінің сыйлығы мен жобаға қосқан үлесі жайлы мағлұмат бергенін қалаймын», – деді Ләйла Ахметова.
Қатысушылардың баяндамасы мегажобаның жұртшылықтың қызығушылығын тудырғанын айқын дәлелдеді. Әр спикер өзінің «Отанға сыйлығы» туралы айтып берді. Мәселен, Алматы қаласы Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ахан Бижанов «Алматы қаласының барлық мектептерінде «Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі» атты сынып сағаттарын өткізу мен кітаптарды мектеп кітапханаларына беру жобасын» ұсынды.
Генерал-майор Махмұт Төлеғұсовтың («Офицерлер одағы» ҚБ) «Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысының әскери оқиғаларын қайта жаңғырту» жобасы да ерекше аталды.
Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім және даму» ауданының қызмет басшысы Жұмағыз Бұтабаева ұсынған «Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылының Ұлы Отан соғысының барлық қатысушыларын атау» жобасына 50-ден астам еріктілер тартылды.
«Мотор-Роллер» тобының жетекшісі Ілияс Аутов «Ұлы Отан соғысы туралы әндер» жобасы туралы айтып берді. Ол Жеңіс мерейтойына орай, Қазақстан қалаларында концерттер өткізіліп қана қоймай, соғыс туралы жаңа әндер жазылатынына сендірді.
Тұсаукесер қатысушылардың сөз сөйлеуі және қарқын алып жатқан халықаралық маңызы бар мегажобаны ұйымдастыру және іске асыру мәселелерін талқылаумен жалғасты. Шара соңында барлық қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, тарихи жадыны сақтауға өз үлестерін қосуға шақыру мен үндеу жарияланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі