Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білім мен ғылым жүйесі түбегейлі реформалауды талап етеді. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Бүгінгі білімді жастар ертең Қазақстанды алға жетелейтін мамандарға, кәсіпкерлерге, басшыларға айналады. Сондықтан мен білім мәселесіне ерекше мән беремін», – деп атап өткен болатын. Шын мәнінде заманауи озық білім мен ғылымды игеріп, жаңа инновациялық ілімді меңгерген қабілет-қарымы мықты жастар – еліміздің болашағы.
Өздеріңіз білетіндей, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы оқу ордасы. Мұны ұлттық рейтинг көрсеткіштері айғақтайды. Университетіміз жоғары оқу орындары арасында жетік білім бағдарламаларымен танымал. Жыл сайын 100-ден аса білім беру бағдарламалары жаңартылады, 2024/25 оқу жылында да сол межеден көріндік.
Биыл бакалавриат бойынша мемлекеттік білім гранттарын беру конкурсының нәтижелері негізінде 4022 жас біздің университетке оқуға түсті. Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері негізінен халықаралық және республикалық олимпиадаларды жеңіп алған жастар. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері мен үздік түлектер бар. Биыл магистратураға түскендер саны – 747, ал докторантураға түскендер – 705. Келісімшарт негізінде 1748 талапкер білім алады.
Бұл үлкен жетістік. Университет ұжымы жастарға сапалы білім беру үшін бар күш-жігерін жұмсайды.
Біз білімге құштар жастарды әрдайым қолдаймыз.
Еліміздің көшбасшы оқу ордасын таңдаған білім алушыларға зор ізденіс пен табыс тілеймін.
Қазақстанның жарқын болашағы жолындағы талаптарыңыз оң болсын!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ