ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯ – ӨСІП-ӨРКЕНДЕУ КЕПІЛІ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген мақаласы
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы ең алдымен ел экономикасын жақсартуға негізделген ауқымды міндеттерді қамтиды. Мұнда кешенді жоспарларды іске асырудың жаңартылған салық заңнамасы жетекші рөл атқаруға тиіс екені айтылды. Жаңартылған Салық кодексі кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды және мемлекет экономикасына инвестиция тартуды арттыруды көздейді.
Президент «көлеңкелі» экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді, қаржы саласындағы құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою қажеттігін баса айтты. Соңғы онжылдықтарда елімізде қомақты капитал тапқан кәсіпкерлерді өз қаражаттарын мемлекет пайдасына жұмсап, мектеп, балабақша, аурухана және қарапайым адамдарға қажетті басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шақырды. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу кезек күттірмес күн тәртібіне қойылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атом электр стансасы туралы референдумға қатысты Үкімет ұсынысын қолдайтынын айта келе, жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін нақты жеткізді. «Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз», деп ел қолдауына сенім артты. Бұл – ұзақ мерзімдік мүмкіндіктеріміз бен болашағымызды қалыптастыратын ел дамуының негізгі жоспарларының бірі.
Атом электр стансасы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және экономиканың басқа да салалары үшін аса маңызды электр энергиясымен тұрақты және ұзақ мерзімді қамтамасыз етуге қабілетті. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – оның экономикалық тәуелсіздігі мен саяси тұрақтылығының кепілі. Уранның қомақты қоры бар Қазақстанның электр энергиясын өндіру үшін өз ресурстарын пайдалану мүмкіндігі зор. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық қауіпсіздікті нығайтады.
Атом электр стансасының құрылысы – энергетикалық мәселелердің шешімі ғана емес, қуатты экономикалық ынталандыру. Атом электр стансасына құйылатын инвестиция мультипликативті әсерге ие. Жобаға салынған әрбір теңге экономиканың сабақтас салаларында қосымша табыс табуға ықпал етеді. Жұмыспен қамтып, салық түсімдерін өсіріп, елдің жалпы әл-ауқатын арттырады. Атом электр стансасын салу және пайдалану мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл стансаның өзінде ғана емес, сонымен қатар құрылыс, металлургия, көлік және логистика сияқты сабақтас салалардағы жұмыс орындарын ашады. Атом энергетикасы саласында білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді дамытуды ынталандыратын білікті мамандар қажеттілігін тудырады.
Атом энергетикасын дамыту міндетті түрде еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін көтеру қажеттігімен байланысты. Атом электр стансасын салу және пайдалану ядролық физика, энергетика, материалтану және сабақтас пәндер саласындағы білім мен зерттеулердің дамуын ынталандырады. Қазақстан халықаралық ынтымақтастық пен ғылым мен технологияға инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын атом энергетикасы саласындағы елеулі елдердің бірі болады. Жетекші халықаралық ғылыми орталықтармен бірлескен зерттеулер, атом энергетикасын дамытудың халықаралық бағдарламаларына қатысу және басқа елдермен тәжірибе алмасу еліміздің озық ғылыми орталық ретінде әлемдік аренадағы орнын нығайтады.
Еліміздің атом өнеркәсібін кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету жүйесінің тиімді жұмыс істеуі қажеттігін де атап өту маңызды. Бұл жерде әңгіме тек ядролық физиктерді ғана емес, сонымен қатар атом электр стансаларын жобалауға, салуға және одан әрі пайдалануға қатысатын инженерлерді, экологтарды, химиктерді, конструкторларды, IT мамандарын, операторларды, техниктерді даярлау туралы болып отыр. Сонымен қатар осы салада қазірдің өзінде даярланған мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше назар аудару қажет. Елімізде атом электр стансаларын салу туралы оң шешім қабылданған жағдайда атом энергетикасы саласын дамыту үшін радиациялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтауға және реттеуге қабілетті білікті мамандарды белсенді дайындау қазірден басталуы тиіс.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің Теориялық және ядролық физика кафедрасында бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық медицина» және «Ядролық инженерия» білім беру бағдарламалары бар. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін атом саласына 580 бакалавр, 265 магистр және 58 PhD даярланды.
Қосдипломдық бағдарлама бойынша Ресей Федерациясының Дубна университетімен «Ядролық физика» бакалаврлары (65 түлек); Ресейдің MИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетімен «Теориялық ядролық физика» және «Ядролық медицина» мамандықтары бойынша магистратураға (27 түлек) және Жапонияның Хоккайдо университетінде «Ядролық медицина» мамандығы бойынша докторантурада білім алды. Осы білім бағдарламаларының түлектері Ядролық физика институтында, еліміздегі Ұлттық ядролық орталығында, Біріккен ядролық зерттеулер институтында, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-да, «Ecoservice-S» компаниясында, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында және басқа да мамандандырылған мекемелерде жұмыс істейді. Елімізде атом энергетикасын дамыту келешегіне байланысты атом электр стансалары үшін жоғары білікті отандық кадрларды даярлау мақсатында «Ядролық инженерия» білім беру бағдарламалары басталды. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі практикалық-бағдарланған оқытуға баса назар аудара отырып, былтырдан бастап – бакалавриат, биылдан – магистратура ашылды. Университетімізде Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтымен бірлесіп «Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша диссертацияларды қорғау және философия докторы (PhD) дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңес жұмыс істейді.
Мұның барлығы атом электр стансаларының сенімді, тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін, экологиялық және радиациялық қауіпсіздікті сақтайтын заманауи технологияларды қолдануға қабілетті жоғары білікті кадрларды даярлауға ықпал етеді. Бұл болашақта атом энергетикасы тұрақты жасыл энергетиканың негізгі элементіне айналуына жол ашады.
Жолдауда көтерілген тағы бір тақырып – ғылым және жоғары білімді дамыту, үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту, инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру, жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануын зор ықыласпен қабылдады. Заң жобасын талдау оның ғылым мен инновация арасындағы ажырамас байланыстың болуын растайтын осы саладағы заманауи зерттеулерді ескере отырып дайындалғанын көрсетеді. Заңда іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға, ғылыми қызметкерлердің мәртебесін арттыруға және ғылымды өндіріспен интеграциялауға, сондай-ақ ғылымды кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Салалық уәкілетті органның, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің құзыреттері егжей-тегжейлі сипатталған. Ғылыми білімді, ғылыми-ағартушылық қызметті насихаттау мәселелеріне де үлкен мән берілген. Заңның маңызды жаңалықтарының ішінде ғылыми ұжымдардың – заңды тұлғалар болып табылмайтын ғалымдар бірлестіктерінің мәртебесін реттеуге ерекше назар аударуға болады. Бұл өз кезегінде ғалымдарды гранттық қолдауды жеңілдетеді.
Заңда ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті болжауға ерекше назар аударылды. Осылайша университетте ғылыми-инновациялық қызметтің негізгі көрсеткіштеріне уақтылы мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітілді.
Қазіргі қоғамда ақпараттың ерекше құндылығы бар екенін және ғылым мен инновация саласында көбінесе негізгі капитал болып табылатынын ескере отырып, заң жобасы ғылыми ақпаратқа қол жеткізудің негізгі мәселелерін шешеді. Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен құрылған ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің нәтижелері туралы ақпараттың өзектілігі мен мониторингіне, сондай-ақ ғылымның, бизнес пен қоғамның ақпараттық өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету мәселесіне ықпал етеді. Ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі жаңа механизм енгізуге Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құру арқылы қол жеткізуге болады.
Жаңа заңда жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. ҚазҰУ-дың кадрлық саясаты нәтижелі жұмыс істейтін жас ғалымдарды мақсатты қолдау, жас ғылыми кадрлардың нақты зерттеу нәтижелерін ынталандыру қағидатына негізделген. Университетте жас ғалымдарды ынталандыру жүйесі құрылды және жас ғалымдарды белсенді ғылыми қызметке ынталандырудың барлық жолдары жасалды. Соның бірі жас ғалымдарға шетелде жаңа технологияларды игеруге септігін тигізеді.
Осылайша «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қосымша бюджеттен тыс қаражат тартуға ықпал етіп қана қоймай, университет ғылымының алдында тұрған маңызды міндеттерді шеше бастады.
Көпшілік көңіліне жылы ұялаған тағы бір жайт – 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау жайында маңызды бастама айтылды. Бұл мәлімдеме техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің кең реформаларын, еңбекқорлық пен кәсіпқойлыққа баса назар аударуды, сондай-ақ әртүрлі жұмысшы кәсіптерінің мәртебесі мен беделін арттыру шараларын қамтиды.
Қорыта айтқанда, Жолдаудың барлық тапсырмасы нақты тұжырымдалған, атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарын қатаң тәртіпке келтіруге арналған. Жолдауды орындауға қоғамның барлық құрылымдық буыны, соның ішінде еліміздің әрбір азаматы атсалысады деген ойдамыз.