Кибертренингтік технологиялар бойынша біліктілікті арттыру курсы өткізіледі

11 қыркүйек, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2024 жылдың 16-26 қыркүйек аралығында «Психология, кәсіпкерлік және менеджменттегі жүйелік кибертренинг технологиялары» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізеді.

Ұйымдастырушылар: ҚазҰУ-дың Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен философия және саясаттану факультетінің Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы.

Шетелдік тренерлердің қатысуымен офлайн форматта өтетін арнайы курс психологтарға, педагогтарға, менеджерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге және басқа да мамандарға арналады.

Курстың ұзақтығы – 10 күн (72 сағат), оқу ақысы – 25 000 теңге (әр тыңдаушыға).

Курс барысында тыңдаушылар қызметтің әлеуметтік психологиясының әдіснамалық негіздері мен санаттарын, әлеуметтік қарым-қатынас, өзара әрекеттестік және тренинг заңдылықтарын, ұжымдық және топтық қызметті ұйымдастырудың теориялық, эмпирикалық, әдістемелік және практикалық негіздерін, ғылымдағы соңғы үрдістерді, психологияда, оның ішінде кибернометрмен жұмыс істеу кезінде заманауи техникалық құралдарды қолдануды үйренеді.

Сондай-ақ курсқа қатысушылар Н.Н.Обозов – В.С.Белолы үлгісіндегі кибернометрмен жұмыс істеуді, клиенттердің қажеттіліктері мен сұраныстарына байланысты қағаз форматындағы кибернометрді құруды, бірлескен қызмет процестерін модельдеуді, жоспарлауды, ұйымдастыруды, диагностикалауды, зерттеуді және болжамдауды; өз жұмысында заманауи әдістерді, әдістемелер мен инновацияларды қолдануды, кәсіби қызметінде инновацияларды енгізу нәтижелерін талдауды және бағалауды, сонымен қатар авторлық технологияларды енгізуді меңгереді.

Курстың мақсаты – қатысушылардың кәсіби шеберлігін, зерттеу қабілетін, интеллектуалдық және шығармашылық деңгейін жетілдіруді көздейді, бұл педагог, психолог, зерттеуші, жаттықтырушы, менеджер немесе әлеуметтік қызметкер сияқты мамандықтарға сай қызметті сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Біліктілікті арттыру курсы барысында алған білімдер мен практикалық дағдылар оларды білім беру, педагогикалық және өндірістік процестерде заманауи талаптарды қанағаттандыру және персоналдың өзгермелі жағдайларға барынша қолайлы бейімделуін қамтамасыз ету үшін қолдануға мүмкіндік береді.

Біліктілікті арттыру курсын сәтті аяқтағандарға 72 сағаттық арнайы үлгідегі сертификат тапсырылады.

Қосымша ақпарат үшін: Лейла Ахметжанова  +7 707 850 51 80

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі