ҚазҰУ қызметкері аймақта шеберлік сағатын өткізді

24 қыркүйек, 2024

ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі,  Атырау облысы, Мақат ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының кандидаты Мұқашева Мәншүк Тынышқалиқызы биыл қыркүйек айында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасында “Журналистік зерттеудің бүгіні мен ертеңі” тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Бұл туралы "Атырау-Пресс" сайты хабарлады. Тағылымды кездесуге факультет деканы Д.Ұ.Хамидуллина, кафедра меңгерушісі Ө.Қ. Бекежан, аға оқытушылар Л.Қ. Мажитова, Г.Б. Исмурзина, М.И. Ахонова, Г. Ж. Кайрова мен журналистика кафедрасының студенттері қатысты. Шеберлік сағатында, Мәншүк Тынышқалиқызы өзінің журналистиканың бүгіні мен ертеңі туралы тағылымды ойларымен бөлісіп, нағыз журналист маман болуы үшін үнемі ізденіс пен терең білімді болуы жайында жан-жақты әңгімеледі. Шеберлік сағатына қатысқан студенттер өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Іс-шара соңында білікті ұстаз, ғалым, зерттеуші Мұқашева Мәншүк Тынышқалиқызына, факультет ұжымы тағылымы мол мәнді пайымдары үшін зор ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.