ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті университетіміздің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері мен жас ғалымдары!
Сіздерді 1 қазан – Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жоғары білім – еліміздегі ғылым мен білімді дамытуға айрықша ықпал ететін, қоғамның әр саласына білікті кадрлар даярлайтын үлкен қозғаушы күш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жолдауында: «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады», – деп алдымызға ауқымды міндеттер қойып отыр.
Бұл мақсаттарды іске асыруда жоғары оқу орындарында қызмет атқарып жүрген оқытушы-профессорларға, қызметкерлер мен жас ғалымдарға ерекше жауапкершілік жүктелуде.
Биыл 90 жылдық мерейлі белеске көтерілген университетіміз жастарға сапалы білім беруде, университеттік ғылымды дамытуда ілгері қадамдар жасап келеді.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да 3000-дай оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Олардың қатарында ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР Жоғары мектебінің 3 академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының 8 академигі, 7 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 PhD доктор, 736 ғылым кандидаты, 500 «ЖОО үздік оқытушысы» грантының жеңімпаздары жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 394 жобаны жүзеге асыруда.
Өткен оқу жылындағы көрсеткіш бойынша Scopus журналында университет ғалымдарының 13 475 жарияланымы жарық көрді.
Қазіргі таңда білікті оқытушы-профессорларымыз 16 факультетте 600-ге жуық білім бағдарламасы бойынша дәріс беруде.
Жоғары білім саласы жаңа, әділетті Қазақстанды қалыптастыруда, ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс.
Биыл бірінші рет аталып өткелі отырған жаңа кәсіби мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Ғылым жолында жаңа жетістіктерге жете беріңіздер!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ