- Басты бет
- Жаңалықтар
- Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының ұжымы Еуразиялық интеграцияны зерттеумен айналысатын танымал ресейлік ғалым, РАЕН академигі В.Л.Абрамовпен кездесу өткізді
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының ұжымы Еуразиялық интеграцияны зерттеумен айналысатын танымал ресейлік ғалым, РАЕН академигі В.Л.Абрамовпен кездесу өткізді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының ұжымы 2015 жылғы 5 қарашада еуразиялық интеграцияны зерттеумен айналысатын танымал ресейлік ғалым, экономика ғылымдарының докторы, РАЕН академигі Валерий Леонидович Абрамовпен кездесу өткізді.
В.Л. Абрамов Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің Халықаралық экономикалық қатынастарды зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, әрі Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы РАНХиГС Мемлекеттік қызметтің халықаралық институты "Экономканы мемлекеттік реттеу" кафедрасының профессоры. Ол елуден астам монографиялар мен оқулықтардың, жүзден астам ғылыми мақалалардың авторы, көптеген халықаралық ғылыми-зерттеу гранттарының орындаушы-сарапшысы. Қазіргі кезде Саясаттану және саяси технологиялар кафедра ұжымы мен академик В.Л. Абрамовпен бірлесіп, «Жаңа аймақтық бірлестік ретіндегі Еуразиялық экономикалық одақтың даму келешегі» атты тақырыптағы біріккен зерттеу жұмысын гранттық негізде орындауда.
Дөңгелек үстел барысында Еуразиялық экономикалық одақтың ауқымында жүзеге асып жатқан жобалар, интеграцияны тереңдетуге кедергі жасаушы факторлар, одақтық біртектілік пен жеке-дара ұлттық мүдде үшін күресу қайшылықтары, ортақ валюта мәселесі, ұлт үстілік институттардың дамуы сияқты көптеген өзекті тақырыптар бойынша қызу пікірталас өрбіді. Іс-шараға кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамымен қатар, «Саяси орда» саясаттанушы-студенттер кәсіби үйірмесінің мүшелері, магистранттар мен докторанттар да белсенді қатысты. Әлемдік дағдарыс жағдайында біріккен іс-қимыл мен тығыз интеграциялық байланыстар арқылы ғана экономикалық қиындықтарға төтеп беруге болатындығы баса айтылды, өзара тиімді алыс-беріске негізделген экономикалық бірлестікті саяси одақпен ешбір шатастырмау қажеттігі сараланды. Іс-шара соңында академик В.Л. Абрамов өзімен бірге ала келген ғылыми әдебиеттерін кітапхана қорына сыйға тартты.
Саясаттану және саяси технологиялар
кафедрасының профессоры,
саяси ғ.д. С.Ш. Мұсатаев