ҚазҰУ-да құқықтану бойынша студенттік олимпиада өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының тиімділігін арттыру шаралары» тақырыбында ІІ ғылыми республикалық студенттік олимпиада өтті.
Ғ.С.Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық институты ұйымдастырған шара академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тұран университеті, Каспий қоғамдық университеті, Нархоз университеті студенттері арасында өтті.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова олимпиадаға қатысушыларды құттықтап, студент жастар Мемлекет басшысының жолдауында айқындалған жаңа, әділетті Қазақстанды құруға белсенді атсалысуы керек екенін атап өтті.
Ғ.Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық институтының директоры Арон Сәлімгерей биылғы студенттік олимпиаданың ерекшелігі – оған Қазақстанның студент жастары ерікті түрде қатысқанын айтты.
Студенттер пікірталасқа қатысып, қазіргі заманғы ұлттық заңнама мен халықаралық құқық нормаларын білудің жоғары деңгейін, күрделі теориялық дилеммаларды бағдарлай білуді және оларды шешу жолдарын таба білуді көрсетті. Белгілі мамандар мен тәуелсіз сарапшылардан құралған қазылар алқасы бейтараптық, ғылыми және объективтілік қағидаты негізінде олимпиада жеңімпаздарын анықтады. Бірінші орынды Каспий қоғамдық университетінің студенттері, екінші орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің студенттері, үшінші орынды Нархоз университетінің студенттері алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті Алиса Докторович Ғ.Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық институтының арнайы сертификатымен марапатталды.
Студенттік олимпиада ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Қазақстан Республикасының заң шығару саласындағы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеу» ғылыми гранттық жобасы аясында өткізілді.
https://www.youtube.com/watch?v=_Qabb5FWoZs
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі