Студенттер жазғы демалысты қалай өткізеді?
Жазғы демалысты студент, жалпы, білім жолында жүрген жастардың асыға күтетіні анық. Тоғыз ай оқу кезеңі аяқталған соң, әсіресе студенттер жазғы демалысын қалай өткізетінін алдын ала жоспарлап қояды.
Ата-анасынан жырақта, үлкен қалада білім алып жатқан студенттер туған жеріне, үйіне қайтуға асығады. Үш ай демалыста жақындарының жанында мауқын басып, қолғабыс етеді. Қаланың қарбалас тірлігінен босап, демалып, жаңа оқу жылына үлкен дайындықпен келеді. Енді бірі уақытын босқа кетірмей, түрлі тіл үйренетін немесе өзге де қажетті курстарға жазылады. Студенттердің басым көпшілігі жұмыс істеп, ата-аналарына ауыртпалық салмай, өзі еңбектенгенді жөн көреді. Ал жазғы демалыс жұмыс істеуге ең қолайлы уақыт. Студенттік кезде жұмыс істеу, адал еңбекпен ақша табу, жазғы демалысты текке өткізбеу ерекше сезімге бөлері хақ.
Демалысты әрі пайдалы, әрі ұмытылмастай өткізу өзіңе байланысты. Көптен уақыт бөле алмай жүрген шаруаларыңмен айналысып, спортпен шұғылдану, кітап оқу, саяхаттау арқылы миың тынығып, таным-көкжиегің кеңейіп, денсаулығың да біршама жақсарып қалады.
Жазғы демалыстың да аяқталуына санаулы күндер қалды. «Үш ай жазғы каникулда қандай іспен айналыстым, жоспарым орындалды ма, мен үшін бұл демалыс несімен ерекшеленді?» деп өзіме есеп беремін.
Биыл жазғы каникулымды жаман өткізбедім. Денсаулығымды тексерттім, ата-анама көмек бердім.
Студент түрлі жанрдағы кітап оқуды, күніне кемі 10 бет оқуды әдетке айналдырса, бұл уақыт аралығында бірнеше кітапты оқып тастауға болады. Көркем шығарма оқу арқылы сөздік қорын толықтырып, ойын анық әрі дәл жеткізуге дағдыланады. Жазғы демалысты жақсы өткізудің тағы бір жолы – саяхаттау. Өзге қалаға, тіпті басқа мемлекетке саяхаттау жаңа тіл үйреніп, басқа ұлттың, халықтың өмірі, тіршілігімен танысуға мүмкіндік береді. Көлік жүргізуді осы кезде үйреніп алсаң, бұл да үлкен олжа.
Әнел АУҒАМБАЙ,
журналистика факультетінің студенті