Алматы ақшамы

13 қараша, 2015

Қала жастары қаһарманмен кездесті

Білімнін қарашаңырағы - әл-Фараби атындағы Ұлттық университет ұжымы Халық Қаһарманы Айдын Айымбетовпен кездесті. Алдымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, университет ректоры Ғалым Мұтанов ғарышкермен бірге тау етегіндегі жастар қалашығын аралап шықты. Күн санап емес, сағат санап көркейіп келе жатқан жастар қалашығының бүгінгі бет-бейнесі мен ондағы атқарылып жатқан игілікті істердің барлығы көңілінен шыққанын жасыра алмаған ғарышкер ризашылығын білдіріп, өзін тағатсыздана күтіп отырған студенттермен кездесуге бет алды.

Университет ректоры Ғалым Мұтанов халқымыздың абыройын асқақтатқан батыр ұлмен кездесу есте қаларлық оқиға екендігін, 81 жылдық тарихы бар университетгің ең бір сәулелі сәті ретінде мәңгіге қалатынын жеткізді. Сөз кезегін алған студенттер қауымы да күнде кездесе бермейтін қонаққа көкейлеріндегі сан-алуан сұрақты қойып үлгерді.

- Ғарышкер болсам деген - менің бала күнгі ізгі арманым еді. Қазір ойлап қарасам, барлық баланың көңілі көкте екен. Көкке ұшып, қандай да бір жаңалық ашсам деген жылдар бойғы арманым орындалды. Әлі есімде, мектепте оқып жүргенімде достарым менің әскери-ұшқыштар училищесіне құжат тапсырғалы жүргенімді сезгенде күмәнмен қараған еді. Сенімсіздік танытқан. Біз кішкентай қалашықта тұратынбыз. Бірақ, менің арманым орындалып, қалаған оқу ордасына түстім.

Ал 1993 жылы космонавтар отрядына құжат тапсырдым. Әрине, ол кезде ұшқыштарды Одақ бойынша таңдайтындықтан өте қиын болды. Соған қарамастан, 5 жыл бойы медициналық тексерулерден өтіп, космонавтар қатарына өттім. 2003 - 2009 жылдар ізденіспен етті. Ғарышқа 2009 жылы ұшу жоспарланғанымен, кейінге шегерілді. Мен Қазақстанға қайта оралып, «Қазғарышта» 6 жыл уақытым осы сәтті күтумен өткен еді. Үмітім ақталып, алға қойған мақсатым орындалды, - деген Айдын Ақанұлы студенттердің басқа да сауалдарына жауап берді.

Жылы шырайлы кездесу соңыңда университет ректоры Айдын Айымбетовті оқу ордасының 80 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады. Кездесуден кейін Айдын Айымбетов республикалық Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-интернат оқушыларымен кездесті.