№5 жатақхананың 50 жылдығына орай «Түлектер күні» өткізілді
25 қазан, 2024
2024 жылдың 25 қазанында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне тиесілі №5 жатақхананың 50 жылдығына орай «Түлектер күні» өткізілді. Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы мен «Түлектер қауымдастығының» төрайымы Ғалия Майкотова ұйымдастырған шара жоғары деңгейде өтті. Мерейтойлық «Түлектер күнінің» салтанатты жиынында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Сәбит Суатай құттықтау сөз сөйлеп, алып білім ордасының түлектері арқылы мақтанатынын жеткізді.
Журналистика факультетін 1984 жылы бітірген 40 жылдық түлектерден Сағатбек Медеубекұлы мен Жүсіпбек Қорғасбек жиналған қауымды мерекемен құттықтады. «Біз оқуға 1979 жылы түстік. Біздің заманда Қазақстанның түкпір-түкпірінен кілең мықтылар сүзіліп келеді. Сол сүзіліп келген түлектермен қатар оқығаныма өзімді бақытты санаймын. Алтынбек Сәрсенбайұлы, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Еркін Қыдыр, Бейбіт Құсанбек, Баян Бекетова, Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Сапаралы сынды қайраткер тұлғалармен қатар оқыдық, осы жатақханада тұрдық. Қайыржан Бекхожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Марат Барманқұлов, Намазалы Омашев секілді ірі тұлғалардан дәріс алдық. ҚазҰУ жасасын!», – деп Сағатбек Медеубекұлы жалынды құттықтауын жолдады.
Белгілі тележурналист, «Айқын» және «Алаш айнасы» газеттерінің негізін қалаушылардың бірі, сазгер, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Серік Жанболат та студенттік емірге деген ерекше сағынышын жеткізіп, жатақханада өткізген қызықты сәттерін айтып берді. Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасьның профессоры, филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин мен 20 жылдық түлектердің кураторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жидегүл Әбдіжәділқызы да журналистика факультетінің түлектерін құтықтады.
«Қош келдіңдер, түлектер –
Алып ұшқан жүректер,
Алыстан аңсап келгенде
Ақтарылсын тілектер.
Журфактан қанат қақтыңдар,
Өмірден орын таптыңдар.
Қызмет етіп халыққа
Үміттерін жақтыңдар…» – деп Жидегүл Әбдіжәділқызы жүрек тебіренісін өлең шумақтарымен пернеледі.
Жиын соңында 2014 жылы бітірген 10 жылдық түлектер ұйымдастырған журналистика факультетінің 1-4 курс студенттері арасында «Саяси журналистика» тақырыбы бойынша жарияланған байқау қорытындысы белгілі болды. Шара 2004 жылғы түлектердің сыйлығы заманауи ас үй – ANTIKAFE-нің ашылу рәсімімен аяқталды.
Басқа жаңалықтар
20 желтоқсан, 2024
20 желтоқсан, 2024
20 желтоқсан, 2024